Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мәжіліс төрағасы Ұлттық экономика министріне неге шүйлікті?

AstanaTV
03.11.2021ж. 20:00
1151
Мәжіліс төрағасы Ұлттық экономика министріне неге шүйлікті?

Кәсіпкерлік қызметті реттеуге қатысты заң жобасына жаңа өзгерістер енгізілмек. Бүгін мәжілісте Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев жаңа құжатты таныстырды. Алайда мәжілісмендер жобаның шикі тұстарын жіпке тізді. Мәжіліс төрағасы министрге шүйлікті. Пленарлық отырысқа қатысқан тілшіміз Бекболат Сатуов тақырыпты толықтырады.

Мәжілістің бүгінгі жиынында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев тағы да көзге түсті. Бұл жолы жас министр кәсіпкерлік қызметті реттеуге қатысты заң жобасын таныстырды. Кәсіпкерлер жұмыс есебін электронды түрде тапсырсын, әйтпегенде жауапкершілікке тартылады дегені сол еді, депутаттар сұрақтың астына алып, өре түрегелді.

Вера КИМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Кәсіпкерлік субъектісінің электронды түрде есеп немесе хабарлама жіберуге мүлде мүмкіндігі жоқ. Бұған не айтуға болады? Мысалы, интернет бәріне бірдей қолжетімді емес. Елімізде қазір қанша елді мекен кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген?

Бұл сұраққа Цифрлық даму министрлігі жауап берді. Мыңнан астам ауылда ғаламтор атымен жоқ екенін, ал кей өңірлерде бар болғанымен нашар екенін айтты. Жауапты министрліктің жауабынан соң, министр Әсет Ерғалиевте депутаттарды қолдаймын деп өзгере салды.

Әсет ЕРҒАЛИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Әрине мен депутаттардың ұсынысын қолдаймын. Есептерді тапсыру формасы қағаз әрі электронды нұсқада болуы керек деп санаймыз. Егер сапалы интернет қолжетімді болмаса, онда кәсіпкер есептілікті қағаз нұсқада да тапсыра алуы керек

Министрдің құбыла қалғаны, Мәжіліс төрағасына жақпай қалды. Кәсіпкерлерді тығырыққа тірейтін өзгерісті, минстрлік алдымен өзінен бастасын деді.

Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сіздер осылай кәсіпкерлерді қиын жағдайға қалдырасыздар. Заң шығарасыздар, бірақ соған сәйкес жағдай жасамайсыздар. Интернеттің сапасы жоқ. Электронды құжат дайындау тетігімен жұмыс жасау қиын. Онда өздеріңізден бастаңыздар. Сосын 2023 жылы 1 қаңтарға дейін 100 пайыз интернетпен қамтыңдар. Жағдай жасалғанша депутаттар айтқандай барлығы қағаз түрінде және электронды түрде іске асатын болсын.

Депутаттар заң жобасын қабылдауға әлі ерте деп отыр. Ұлттық экономика министрі болса, мәселені қайта қараймыз деп құтылды.

Әсет ЕРҒАЛИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:


Біз осы цифрландыру министрлігімен талқылау кезінде, осы норманы әзірлегенде тиісті  министрлікпен келістік. Олар заң жобасына қолды қойды ғой. Сондықтан біз қазір ,мен жұмысқа қайтқанда, жиналыс өткіземіз, көреміз, келісеміз.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Талқылаудан соң, әбден сынға ұшыраған Ұлттық Экономика министрлігіне заң жобасын екінші оқылымға дейін қарау кезінде тиісті қадамдарды пысықтау тапсырылды. Өйткені кәсіпкерлерге жағдай жасамай, мұндай талап қойған жөн емес деді көпшілік.

Б. Сатуов