$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда аудан әкімдігі шаруа қожалықтың жерін басқа кәсіпкерге заңсыз беріп жіберген

AstanaTV
17.11.2021ж. 20:00
1719
Павлодарда аудан әкімдігі шаруа қожалықтың жерін басқа кәсіпкерге заңсыз беріп жіберген

Павлодарда аудан әкімдігі шаруа қожалықтың жерін басқа кәсіпкерге заңсыз беріп жіберген. Осының салдарынан шаруашылық банкротқа ұшырып, малы мен техникасын сатуға мәжбүр. Бұл іске құзырлы органдар араласты. Бұндай сорақылыққа жол берген Тереңкөл ауданының әкімдігі, енді қалай жазаланбақ?  Тақырыпты әріптесім Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Әбетановтар отбасы осыдан 4 жыл бұрын Тереңкөл ауданынан шаруа қожалығын ашқан. Жерді заңды түрде 49 жылға жалға алыпты. Алайда, жуырда жердің жаңа қожайыны пайда болған. Қолында аудандық жер комиссиясының құжаты да бар көрінеді.

Жанар ӘБЕТАНОВА, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТЫҢ ӨКІЛІ:

Шаруа қожалығы заң бұзбаған. Ондай дерек мүлдем жоқ. Ал аудан әкімі қаулы шығарып, біздің жер учаскемізді алдымен мемлекеттік жер қорына өткізген. Келісім-шартты біржақты бұзып, оны әділет органында тіркейді де, іле-шала басқа кәсіпкерге береді. Мұның бәрін айналдырған екі айда жасаған. Бізге ескерткен жоқ.


Жерінен айырылған шаруа 250 бас малы мен түгел техникасын сатуға мәжбүр болған. Алайда, бұған аймақ атқамінерлері мән бермеген. Амалы таусылған фермер Парламентке шағым жасады. Тек осыдан кейін ғана мәселе шешімін тапты.

Серік ӘУБӘКІРОВ, ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бұл 2019 жылдан бері созбақталып келген іс. Сот әділ шешім шығарды деп ойлаймын. Мемлекеттік органның жеке адамның шығынын өтеп беруге міндеттелуі - облыста бірінші рет. Бұл басқа әкімдерге сабақ болуы тиіс. Өйткені бізге түсетін шағымдардың 35 пайызы жер мәселесіне қатысты.

Жер телімі шаруа қожалыққа кері қайтарылды. Алайда, өтемақы әлі төленбеген. Аудан әкімдігі сот шешімімен келіспей, енді ол Жоғары сотқа шағым түсірді.

Серік БАТЫРҒОЖИНОВ, ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қазір Верховный соттың шешім тосамыз.  Қандай шешім қабылдайды екен. Әкімнің өзін емес, акиматты сотқа беріп отыр. Менің өз басыма бере алмайды ғой. Я же аким.

Әбетановтар отбасы аталған ауданнан қайтадан шаруа қожалығын ашты. 50-ге жуық жылқы сатып алған. Бірақ, әкімі бір бөлек, әкімдігі бір бөлек ауданда шаруаның ісі алға басарына күдіктеніп отыр.

Ө. Қуанар