×

Елбасының ғылыми еңбектерінің мән-маңызы терең

AstanaTV
18.11.2021ж. 18:59
1249
Елбасының ғылыми еңбектерінің мән-маңызы терең

Еліміздің тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері-Шамалғанда  "Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Елбасы жолы" атты республикалық конференция өтті. Шараға қатысушылар  Елбасының жас мемлекетті қалыптастырудағы елеулі еңбегі мен көреген саясаты туралы сөз қозғады.  Көшбасшылық қасиетіне баға беріліп,  оның жастарға үлгі-өнеге екенін тілге тиек етті.

Елбасының "Атамекен" тарихи-мәдени орталығына еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері  жиналды. Олар Қазақстанның саяси даму кезеңдерін талқылап,  Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық қасиеттері, тиімді реформалары және қажырлы еңбегі туралы айтты. Жаһандық саяси және экономикалық өзгерістерге  Елбасының даналығы мен ұтқыр тәсілдерінің арқасында қол жетті, - дейді  жиынға қатысушылар.

Қайрат ӘЛІМҒАЗЫНОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АРХИВІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

91 жылдан бастап бірінші Президентіміз -Елбасы сыртқы істер саясаты, ішкі саясатты қалыптастыруға,  тәуелсіз еліміздің стратегиялық дамуын қалыптастыруға үлес қосқаны, көшбасшысы болғаны сөзсіз. Бүкіл негізгі құжаттар, мемлекеттің негізін қалайтын құжаттар,  қазақстандық патриотизмді қалыптасытратын құжаттар барлығы 90-шы жылдардың басында қалыптасты деп айтуға болады.

Сондай-ақ, ғалымдар  Тұңғыш Президенттің сыртқы саяси бастамаларын ерекше атап өтті. Қазақстан тәуелсіздік жылдары халықаралық аренадағы өз позициясын нығайтты, сондай-ақ өзін сенімді серіктес ретінде таныта білді. Елбасының Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басын қосқаны да елеулі оқиға.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
 
Елбасымыздың бүкіл Біріккен Ұлттар Ұйымының, біздің Қазақстандық бір моделі секілді Қазақстан халқы ассамблеясын құру да ол әлемдік қауымдастық алдында біздің беделімізді көтерген оқиға болды. Әлемдік қауымдастықта Қазақстан халқының бірден бір туысқа, бауыр, тату болып жатқандығы бүкіл әлемге үлгі.

Елбасы  өзін мықты саясаткер ретінде ғана емес, философ және тарихшы ретінде де көрсете білді. Оның   ондаған ғылыми еңбегі  жарық көрді. Әрқайсысының  мәні мен  мазмұны құнды- дейді тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл.

Еркін ӘБІЛ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Елбасының бүгінге дейін жазылған 13 кітабы бар. Соның ғылыми мұрасы біз үшін өте қызықты. Себебі  бүгінге дейін Елбасының жазған кітаптарына теориялық, философиялық талдау жасаған жоқпыз. Елбасын тек қана саясаткер емес, сонымен бірге философ, тарихшы, саясаттанушы ретінде тану керек деп есептеймін.

Отандық ғалымдар енді Елбасының ғылыми еңбектерін тереңірек зерттеуге кіріспек.

Д. Жарқынбек