Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" партиясы төрағасы өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа береді. Бұл туралы Елбасы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында айтты. Алқалы жиын онлайн режимде өтті. Тұңғыш Президент Қазақстанның 30 жылда жеткен жетістеріне және Нұр Отан партиясының атқарған жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ, уақыт талабына сай жаңа қадамдарды нақтылап берді.
Елбасының төрағалығымен өткен "Nur Otan" партиясы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысына Президенттен бастаған бір топ билік өкілдері қатысты. Әуелі Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде жеткен жетістіктер мен реформалардың нәтижесіне тоқталды. Ал, Премьер-Министр мен Парламент Мәжілісі Төрағасы партияның сайлауалды бағдарламасы қалай іске асып жатқаны туралы есеп берді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:
Құрметті нұротандықтар! Біз 30 жылда ғасырға тұрарлық ғаламат істер атқарып ұлы күрделі жолдан өттік. Егемен ел болып экономиканы нығайтып халықтың тұрмысын жақсарттық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шаңырағымызды шайқалтпай 100 ден астам этнос пен конфессия мекендейтін елімізде бірлік пен келісімді сақтаудың маңызы зор болды. 30 жылда Қазақстанды әлем жұртшылығы тәуелсіз, экономикасы қуатты бейбіт сүйгіш мемлекет ретінде мойындады.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, сайлауалды бағдарламаның жол картасында көзделген 362 іс-шараның 136-сы орындалды. Оның ішінде 34 шара толық орындалып біткен. Қалған 226-сы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мәжіліс төрағасы да сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы басты назарда екенін атап өтті. Сөзінше, партияның фракция мүшелері 4 бағыт бойынша атқарылып жатқан істерді бақылауда ұстап отыр. Есепті тыңдаған Елбасы жұмыстың жоғары қарқынын сақтау керегін айтты. Бастысы, қойылған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету керек, дейді. Бұдан бөлек, Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекет алдында тұрған сын-қатерлер мен партияның алдағы кезеңге арналған стратегиялық мақсаттарды дәйек етті.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:
Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басты. Бұл үлкен өзгерістер, күрделі және тағдырлы шешімдер дәуірі. Қазір біз коронавирустық пандемиямен күресу мүмкін еместігін байқап отырмыз. Заңды өзгерістер, соның ішінде ақпараттық технологиялар мен жасыл энергияны жедел енгізу есебінен орын алуда.
Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» төрағасының өкілеттілігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы мәлімдеді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:
Мен партияны құрудың бастауында тұрдым, оны осы жылдар бойы басқардым. «Nur Otan» партиясын саясат пен стратегияны айқындайтын ел Президенті басқарса маңызы арта түсетінін білемін. Бізде де солай болады. Мұны партия Жарғысының негізінде шешуіміз керек. Бұл бірлігімізді көрсету үшін жасалуы қажет маңызды қадам.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия үшін оның ұзақ мерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Сондықтан, «Nur Otan» партиясы үнемі жаңғырып, заман талабына сай , ең бастысы - халық мүддесін бірінші орынға қою керегін айтты.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:
Жаһандық тұрақсыздық бір-екі жылға созылмайды. Сондықтан партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы өзектілігін жоймайды. Біз халықтың барынша мүдделеріне сай ұстанымдармен ұстануымыз шарт. Халықты бөлу емес, біріктіру керек. Бұл – партияның ең негізгі міндеті.
Кездесу барысында, Елбасы қазақстандықтар үшін жаңа дәуірдегі басты бағдар болатын «Мемлекеттіктің жеті тұғыры» қағидаттарының жиынтығын айтты.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:
Тәуелсiздiктi нығайтып, елiмiздiң тұтастығын сақтай отырып, отбасы құндылығын қолдап, ұлттық-рухани мәдениетiмiздi насихаттай отырып, білім мен адал еңбекке ден қоя отырып, жасампаз ел боламыз.
Нұрсұлтан Назарбаев партияның көшбасшылығын ұзақ мерзімді қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Бұл мемлекеттік бағыттың сабақтастығы мен тұрақтылығының іргетасы болады, деді.
А. Данияр