$513.74 €569.17 ₽6.33
×

30 шақты қазақстандықты теракт жасауға үгіттеген "Халил шейх" сотталды

AstanaTV
16.08.2017ж. 20:00
4760
30 шақты қазақстандықты теракт жасауға үгіттеген "Халил шейх" сотталды

Оралда "Халил шейх" атымен таныс экстремистік уағызшы Абдухалил Абдужаппаров 8 жылға сотталды. Бүгін сот осындай үкім шығарды. Прокурорлардың хабарлауынша, ол қазақстандықтарға уағыз жүргізіп, оның 30 шақтысы теракт жасап, сотталғаны дәлелденген. Оңтүстік Қазақстан облысының 43 жастағы тумасы терроризмді насихаттап, діни араздықты қоздырғаны үшін айыпталған болатын.

Абдухалил Абдужаббаров Исламабадтағы Халықаралық ислам университетінде білім алған. Атырау мен Ақтөбе және Орал мешіттерінде уағыз айтып, ваххабизм мен тәкфір идеяларын насихаттаған. Тіпті намаз оқымайтындарды "кәпір" деп, халықты жиһадқа шақырыпты. Тергеу кезінде анықталғандай, ол өзіне жақын адамдарды тартып, жасырын пәтерде құпия кездесулер өткізген. 2006 жылы араб еліне барып, Қазақстан мұсылмандары мен шетелде білім алып жатқан қазақстандық студенттерді теріс жолға түсірмек болған. Кейін ҰҚК оның үстінен қылмыстық іс қозғады. Ол Сауд Арабиясынан депортацияланған. Бірақ бұған дейінгі сот отырысында «Шейх Халил» мемлекеттік айыптаушы таққан кінәларды мойындамады. Бұл іс бойынша жүзге жуық куәгер сұралады. Бірақ куәгерлер өз өмірлерінің қауіпсіздігі үшін сұрау жабық болуын өтінген болатын.