$494.87 €520.65 ₽4.91
×

ШҚО темір жол тасымалының тарифінің ктерілуіне байланысты көмір қымбаттап кетті

AstanaTV
16.08.2017ж. 20:00
2770
ШҚО темір жол тасымалының тарифінің ктерілуіне байланысты көмір қымбаттап кетті

Еліміздің шығысында көмір құны шарықтап тұр. Бағаның өсуіне темір жол тасымалындағы тарифтің 15 пайызға көтерілуі себеп болды, - дейді тиісті мекеме мамандары.  Ал, аймақтағы  кейбір компаниялар, қатты отын таситын қауырт кезде вагондар жетіспей қала ма деп, қауіптеніп отыр. Сондықтан өңір тұрғындарына қыстың қамын жазда ойлаған жөн-дейді.

Өскеменде дәл қазір көмірдің бір тоннасы 8 мың 50 теңгеге жетті. Ал, Тарбағатай мен Күршім ауданының тұрғындары қатты отынның тоннасын 12-14 мың теңгеге сатып алып жатыр.  Алыстағы өлкелереге көмірді жеткізу, яғни тасымал құны қымбатқа түсіп отыр. Алдағы жылыту маусымында 35 мың тонна көмір арнайы квотамен берілмек. Арзандатылған отын ардагерлер, зейнеткерлер мен көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға 7 мың 600 теңгеден сатылатын болады.

Нұрлан Рамазанов, ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Қазақстан темір жолы 7 тамыздан бастап тасымалдау тарифін 10-15 пайызға көтеретіндігін хабарлаған. Соған байланыты көмір бағасы өсті. Әйтпесе, «Қаражыра»  өз бетімен бағаны көтермейді ғой.  Біз оларды жыл сайын тексереміз. Көмірдің қымбаттауы тасымал тарифінің көтерілуне ғана байланысты.

Тасымалдаушы компания өкілдері өңір тұрғындарын ертерек қамдануға шақырады.

Александр Денякин, көмір тасымалдайтын компания жетекшісі:

Бұл жағдай кейінірек тіпті ушығып кетуі мүмкін. Өйткені қыркүйек айының ортасына қарай өндірістік ұйымдарға көмір таси бастаймыз. Сол тұста отын тапшылығы болуы мүмкін. Себебі вагондар жетіспей жатады. Сондықтан тұрғындар қазіргі кезде қамданып, қарбаластан бұрын сатып алғаны жөн.

Нұрлан Рамазанов, ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім  басшысы:

Вагон жетіспеушілігі болуы мүмкін. Бірақ біз өткен жылдардың тәжірибесіне сүйене отырып, бұл түйткілді ертерек шешіп қойдық. Арнайы кесте құрып, аудандар мен қалаларға қатты отынды қай кезде тасымалдау керектігін белгіледік. Кестені көмір сататын орындармен келісе отырып жасадық.

Көмір сататын орындарда отынның бір тоннасы 4 мың теңге. Дегелең бекетіне дейін компания бұрынғы тариф бойынша өздері жеткізіп береді. Ал аймақтағы басқа 5 станцияға дейінгі тасымал құны Қазақстан темір жол экспресстің жаңа тарифімен жеткізіледі. Жалпы жылыту маусымында аймақ тұрғындарына 1 миллион тонна, ал жылыту орталықтарына 2 миллион тонна  көмір қажет. 

Заңғар САНАЙ