$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары үйіндінің астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр

AstanaTV
26.11.2021ж. 20:00
1609
Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары  үйіндінің астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр

Ақтөбеде 58 отбасы  үйіндінің астында қаламыз ба деген үреймен күн кешуде.  Олар тұратын екі қабатты бес баспана бір емес, бірнеше рет  апатты деп танылған. Әкімдік қауіпті жағдайда өмір сүріп жатқан жұртты көшіруге жыл сайын уәде береді, бірақ орындамай келе жатқан көрінеді. Құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып, әбден шаршаған жұрттың жанайқайын тілшіміз Гүлвира Сетенова жеткізеді.

Чекалин көшесіндегі бұл екі қабатты үйлер өткен ғасырда түрме жұмысшыларына арнап уақытша салынған. Кейін  тұрғындардың кейбірі көшіп кетті, ал басқа баратын жері жоқтар пәтерлерді жекешелендіріп алған. Екі мыңыншы жылдардан бастап ескі баспана  сыр берді, дейді тұрғындар. Балкондары қирап, қабырғасы сөгілген бірнеше үйді 2005-жылы қала билігі апатты деп танып, тұрғындарды дереу көшіреміз деген.  Бірақ, зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасылар әлі күнге дейін қауіпті үйді паналап отыр.  

Алтын АСҚАРОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кәріз суы көтеріле береді. Жақында су болғанда үйімізге су кірді. Сонда шелектеп тасыдық. Көрші апаның үйінің қабырғасына сызат түсті. Қорқамыз. Соңғы рет қалалық әкімдікте болғанымда  айттым да, жыладым да.  Көреміз, үй саламыз деді. Шаршадық.


Ерсайын НҰРҚАТОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Уәде берді, келесі жылы үйді аласыңдар деп. Бірақ, бір-бір үйден береміз жыл сайын дейді. Ал бізде 5 үй, ал санаңдар. Бірінші үй барақтар кетеді деді. Сосын біздер, 4-5 жылдан кейін білмеймін, мына үйде тұруға бола ма, болмай ма, содан қорқамыз.

Ермек ҰЗАҚОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бәрі де пәтерге шығып кетті. Өйткені, бәрінің төбелері құлап жатыр. Үйлерін тастап, пәтерге кетті. Сатқысы келді, бірақ апатты үйді алмайды деп сата алмай отыр.

Жақында үйлердің бірінің екінші қабатынан қабырғаның кірпіші құлап, балалы әйелді жазым қыла жаздаған. Сол оқиғадан бері мұндағы халықтың қорқынышы еселене түсті. Әкімдіктен келген комиссия құлаған жарды қарап кеткен. Кейін хабарсыз қалды дейді.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
 
Чекалин көшесінде осындай апатты деп танылған 5 үй бар. Әкімдіктің басқа жерге көшіреміз деген уәдесін тұрғындар 15 жыл бойы үміт үзбей, күтіп келеді.

Әкімдіктегілер  бұл бес үй  тұрғындарының тағы да шыдауына тура келетінін айтады. Оларды Қызылжар ауылынан салынатын көпқабатты жаңа үйге көшіреміз дейді. Бірақ,  ол үйдің құрылысы әлі басталмаған.

Руслан ӘЖНИЯЗОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жұмыстар декабрьдің басынан басталады. Аяқталуы екі кезеңмен болады. 1-ші этапта 20 пәтер беріледі, 1-қыркүйекке дейін. Қалған екінші этап келесі жылдың аяғынан басталып, 2023-жылдың бірінші кварталында беріледі, қалған 35 пәтер.

Тұруға жарамсыз бес үйде   58 пәтер бар.  Соның ішіндегі ең ескісінің тұрғындары  бірінші    кезекте көшіріледі.  Ақтөбеде 47 үй апатты деп танылған. Оның 30-ы көпқабатты.

Г. Сейтенова