Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Алматы облысындағы жекеменшік балабақшада 4 жасар бүлдіршін көз жұмды

Алматы облысындағы жекеменшік балабақшада 4 жасар бүлдіршін көз жұмды

Алматы облысындағы жекеменшік балабақшада  4 жасар бүлдіршін көз жұмды. Полиция Департаменті тексеру кезінде қыз баланың тамағынан ойыншық зат табылғанын хабарлады. Марқұмның жақындары бұған балабақша қызметкерлерін кінәлайді. Тәрбиешілердің салғырттығынан баламыз тұншығып қалды деп отыр.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Қайғылы жағдай Талғар ауданындағы мына балабақшада болған. 4 жастағы бүлдіршін түскі астан кейін ұйқыға жатып сол күйі оянбапты. Мекеме қызметкерлері бірден жедел-жәрдем шақырып баланың ата-анасына хабар берген.


Жақындары жанұшыра жеткенімен қыз баланы ажалдан арашалау  мүмкін болмаған. Сот-медициналық сараптама барысында тамағынан пластмасса ойыншық табылған.  Қайғыдан қан жұтқан әкесі, қызының қазасын  тәрбиешілердің салғырттығынан дейді.  

Жарас ШЫҢҒЫСОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Біз үйден алып барған жоқпыз ол ойыншықты. Бізде жоқ ол ойыншық. Бала өзімен алып келсін, әкетпесін, ол таңертең кететін бала ол түстен кейін аузына салатын жағдай. Күні бойы жүретіндей нәрсе емес. Не ойлайтынымызды да білмейміз қазір.

Қара жамылған отбасы  мұнан басқа ақпарат берген жоқ. Ал балабақша басшысы мекемеде ондай ойыншық  жоқ екенін  айтты. Әрі  бұл қайғылы жағдай   бала ұйқыдан тұрған соң болды деді.

Ақмарал ӘУЕСБЕКОВА, БАЛАБАҚША БАСШЫСЫ:

Оянған уақытында ойнап отырған дейді тәрбиешісі барып көргенімде дейді. Сосын апай деп басқа бала шақырды соған барса уже жаңағыдай ситуация боп жатыр екен. Ондай жоқ. Тек қана конструктор, ағай ойын, бизибордтар.

Бүлдіршін бұл балабақшаға былтыр келген. Тәрбиешісі -тәжірибелі маман дейді, мекеме басшысы. 2015 жылы ашылған мектепке дейінгі мекемеде қазір 100 бала бар. Әр топқа бір тәрбиеші мен бір көмекші бөлінген. Ата-аналар осы  қайғылы оқиғадан кейін балаларымызды әкелуге  қорқып қалдық дейді.  

Алтынайым ТҰРДӘЛИЕВА, АТА-АНА:


Үлкен қызым қазір екінші сыныпта оқиды. Осы балабақшада тәрбиленіп, қанат қаққан. Одан кейінгі қызым кеше қайтыс болып кеткен қызбен бірге бір топқа баратын. Қызым бір жылап келіп, шағым айтып ондай ешқандай қыздарымның бәрі осында.

4 жасар бүлдіршіннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған..  Полиция Департаменті марқұмның тамағынан пластмасса  заттың табылғанын растап отыр.

Әбілтай ӘБЕНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Сот медициналық сараптама жүргізу кезінде баланың тамағынан қатты пласмасты зат табылды.  Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Және тергеу барысы қатаң бақылануда.


Ал  балабақша қазір жабық. ЖҰмысын уақытша тоқтатқан. Мекеме өкілінің айтуынша, қара жамылған отбасының тағы бір қызы осы бақшаға келеді.

Ә. Лесбек