Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Таиландқа демалуға барған қазақстандық көмек сұрайды

AstanaTV
02.12.2021ж. 20:00
1429
Таиландқа демалуға барған қазақстандық көмек сұрайды

Таиландқа демалуға барған отандасымыздан коронавирус анықталды. Науқастың қасында кәмілетке толмаған 2 баласы бар. Балалардан ПТР сынамасы теріс нәтиже көрсетіпті. Соған қарамастан, барлығын қонақ үйдің бір бөлмесіне карантинге жапқан. Ал оған алматылық келіншек наразы. Карантин кезіндегі шығынды Марина Грушина қалтасынан төлеуге қарсы. Оның айтуынша, тур сатып алғанда үш адамға сақтандыруды да қоса алған. Десе де, аталмыш елдің жауаптылары, науқаспен байланыста болған балалардың шығынын сақтандырудан алынбайтын хабарлапты. Сондай-ақ, Таиланд мемлекетінің заңы бойынша COVID-19 -ға күдіктілер 10 күн оқшаулануы керек.

Марина ГРУШИНА, ТУРИСТ:

Біздің мұнда жатқанымызға бүгін үшінші күн. Шығынның қанша болатынын білмеймін. Бұрын осы қонақ үйде болған адамдар 8 күнге 70 000 бат төлегенін айтты. Ол теңгеге шаққанда 1 миллионнан асады. Осы жағдайға байланысты консулдыққа хабарластық. Олар бақылауды ұстаймыз, деді. Бүгін ПТР сынамасын тапсырдық. Ол ақылы - 150 000 теңгенің шамасында.

Туристің сақтандыру қорына не кіреді? Індет анықталған науқасқа қандай көмек көрсетілетінін білу үшін тур ұйымдастыру компанияларына хабарласқан едік. Айтуынша, саяхатқа шыққан азамат міндетті сақтандырудан бөлек, ерікті сақтандыруды да қолданса болады. Турмен бірге сатылатын сақтандыруда коронавирус пакеті де қарастырылған. Оны тек COVID-19-ды жұқтырғандар ғана пайдалана алады.

Шухрат НАСЫРОВ, ТУР ҰЙЫМДАСТЫРУ МЕКЕМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Науқаспен байланыста болған туыстары мұндай жағдайда ақыны өздері төлеу керек болады. Ол жерде мұндай қосымша қарастырылмаған. Не болмаса ерікті сақтандыруды сатып алғанда қасындағы адамдарға да қосымша сатып алу керек. Ал, науқастар сол елдің емдеу хаттамасымен тегін емделе алады.

Енді елдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталсақ. Қазір жағдай тұрақты. Сырқаттану көрсеткіші бәсеңдеп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстанда "омикрон" штаммы анықталған жоқ.

А. Данияр