Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қарағандыда көктайғақ салдарынан бір тәулікте 400-ге жуық адам жарақат алды

AstanaTV
03.12.2021ж. 20:00
1929
Қарағандыда көктайғақ салдарынан бір тәулікте 400-ге жуық адам жарақат алды

Қарағандыда бүгін мектептерде сабақ болған жоқ. Оған ауа райының қолайсыздығы себеп болған. Соған қарамастан  тәулік ішінде 400-ге тарта адам жарақат алды. Көктайғақтан әсіресе көшеде құлап, аяқ- қолын сындырғандар көп. Одан бөлек көлік апаты да жиілеген.

Қарағандыда апта бойына ауа райы мың құбылды. Бірде боран, бірде қар жауса, өткен түні сіркіреп жаңбыр жауды. Бүгін көктайғақ болып, салдарынан 400- дей адам мертіккен.

Ерік ШОНБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТРАВМАТОЛОГИЯ ҚЫЗМЕТІ АХУАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Көпшілігі көшеде құлап қалған. Әсіресе егде жастағы адамдарға ауыр болып тұр. Ауруханаға жатқан науқастар да көбейді. Көлік апатынан да 15 адам жарақат алды. Осындай кезде тұрғындарға сақтанып жүруге кеңес береміз. Қажеттілік болмаса көшеге шықпауға тырысу керек.

Ауа райының қолайсыздығынан бүгін мектептерде сабақ жаппай тоқтатылып, онлайн оқуға көшкен. Дегенмен коммуналды қызметтің жұмысына шығым көбейген. Бұқара көшеге құм себілмегеніне наразы

Динара МЕҢБАЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жолдың бәрі мұз. Бүкіл жерден құлап жүреміз. Құм себу керек. Жолдарды қыру керек. Вообще құм себілмеген. Адамадар жүретін жолдардың бәрі көктайғақ.

Айдын ТОНТАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жүру мүмкін емес. Жалпы мектепті де сол себепті тоқтатты 1 – інші сыныпта 11- ге дейін. Сол жолды тазалап барынша құм сеуіп елдің қауіпсіздігін ойласа жақсы болар еді.

Аймақта кешелі- бері жол көлік апаты жиілеген. Абырой болғанда адамдар, жеңіл жарақат қана алған. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін, бірнеше тас жолды жабуға тура келген.  

Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Жол жүру ережелерін сақтамау салдарынан  жол көлік оқиғалары жиілеуде. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты облыстық полиция департаменті көлік жүргізушілерге жылдамдықты шектен тыс  асырмай жол жүру ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Синоптиктердің болжауынша құбылмалы ауа райы желтоқсан айының аяғына дейін сақталады. Еліміздің көп бөлігінде алдағы демалыс күндері жаңбыр аралас қар жауып, тұман болады. Осы ай бойы аяз 10-12 градустан аспайды,- дейді ауа райы болжаушылар.

А. Қуаш