Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Түркістан облысында әкесінің қызмет көлігін айдап кеткен бозбала, жол апатына түсті

Түркістан облысында әкесінің қызмет көлігін айдап кеткен бозбала, жол апатына түсті

Түркістан облысында 17 жастағы баласы, әкесінің қызметтік көлігін айдап кеткен. Қазығұрт ауданының полицейлері «ВАЗ» маркалы автокөлікті кәмелетке толмаған жүргізуші басқарып келе жатқанын байқап, тоқтатпақ болыпты. Алайда, бозбала жылдамдықты асырып қаша жөнелген. Бірақ көпұзамай темір қоршауға соғылып, көлік аударылып қалған. Полицейлердіңі дерегінше, көлік тізгініндегі бозбала  бағдаршамның қызыл түсіне де тоқтамастан, алдындағы көліктерді басып озып, бой тасаламақ болған. Төңкеріліп қалған көлік ішінен жасөспірімді полицейлер алып шықты.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Тексеру барысында бала басқарған «ВАЗ-21214» маркалы автокөлігі Қазығұрт ауданындағы ЖШС-нің біріне тиесілі екені анықталды. Көлік жасөспірімнің әкесіне берілген. Ол автокөлікті жұмыс орнындағы автотұраққа қойған. Алайда ұлы көлікті рұқсатсыз, автотұрақтан айдап кеткені белгілі болды. Бүгінгі таңда ҚР ҚК 200-бабы 1 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір осы жәйт бойынша сараптама тағайындалған. Соның негізінде баланың әкесіне қандай шара қолданылатыны белгілі болмақ. Аталған бап бойынша, 1 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе екі жыл мерзімге дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қаралған. Ал ауруханаға түскен баланың өміріне қауіп жоқ, жағдайы орташа - деді дәрігерлер. Аудандық ауруханадағылардың мәліметінше, жол апатын жасаған бозбала Шымкент қаласының тұрғыны.

А. Төребекқызы