$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қостанай облысында 6 млн. шаршы метрден астам баспана салынған

AstanaTV
06.12.2021ж. 20:00
1278
Қостанай облысында 6 млн. шаршы метрден астам баспана салынған

Қостанай облысында тәуелсіздік жылдары 6 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Жыл қорытындысына сәйкес, аймақ - баспана құрылысы бойынша екінші орында тұр. Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов, елордалық БАҚ өкілдеріне аймақтың дамуы туралы есеп берді.

Қостанай өңірі жылды оң серпінмен аяқтамақ. Биыл өндіріс саласының өсуі байқалады. Соның бір мысалы, зауыттар екі миллиард теңгеге жуық өнім шығарған. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 10 пайызға жоғары. Облыстың аса маңызды өндірісі, ол - көлік құрастыру.  Мұндағы жетістік өңір өндірісінің тең жартысын құрайды.

Архимед МҰХАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Машина жасау саласына жеке тоқталғым келеді. Есепті кезеңде мұнда 363,7 млрд. теңгенің өнімдері өндірілді, өсімі – 17,7%. Автомобиль өнеркәсібі,  бұрын игерілген автомобиль маркаларымен қатар, 2021 жылғы наурыздан бастап «KIA» маркалы автомобильдерін құрастыруды бастады.


Еліміз бойынша Қостанай облысы ұн өндіру бойынша көш бастап тұр. Сары май мен сүт өндірісінен екінші, ал йогурт шығарудан үшінші орынға ие. Сондай-ақ, тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны жоғары. Бұл тұрғыдан облыс елордадан кейін тұр. Былтырғымен салыстырғанда аталмыш сала өсімі биыл 25 пайызды құраған.

Архимед МҰХАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жыл басынан бері біз 25,5% өсімімен 387,2 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны бойынша біздің облыс республика бойынша 2-ші орында. Тұрғын үй құрылысына инвестиция 38,2% өсті.

Өңір басшысы атап өткендей, жергілікті биліктің басым міндеті – халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының 75%, ал шаһар тұрғындарының 98 % таза сумен қамтамасыз етілген. Өңір билігі бұл көрсеткішті алдағы жылы 100% жеткізуді жоспарлап отыр.

Д. Жарқынбек