Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақстанның әлемдік аренадағы бастамалары

AstanaTV
06.07.2016ж. 20:00
2791
Қазақстанның әлемдік аренадағы бастамалары

Шетел көшбасшыларының құттықтаулары - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы жоғары беделінің айғағы. Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан төрткүл дүниемен достық қарым-қатынас орнатып, алпауыт елдермен иық тіресті. Халықаралық байланысты нықтап, шетелдіктермен әріптестік орната білді. Бұл жетістіктердің барлығы Президенттің ерен еңбегінің арқасы екеніне шүбә жоқ. Жаһандық жетістіктеріміз жайлы алдағы материалда.

Жаһандық саясаттағы толассыз дүрбелеңдер мен қанды қырғындар бейбіт өмірдің құндылығын арттыра түсті. Ал Қазақстан 25 жыл бойы сол бейбітшіліктің, тыныштықтың нышаны болып отыр. Елбасы жүргізіп отырған сыртқы саясат осыған саяды. Тек 2015-2016 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік әріптестерінің қатысуымен 300-ден астам шара өткізген. Қазақстанның қырық пышақ болып қырқысқан елдерге арағайындық танытуы ел абыройын асқақтата түскені анық. Президенттің бастамасымен Қазақ елі Ресей мен Түркия арасында тиімді медиатор бола білді.

Ерлан Ыдырысов,  ҚР Сыртқы істер министрі:

Мемлекет басшысы бұл жанжалды реттеуде нақты әрі маңызды рөл атқарғанын атап өткім келеді. Әрине, барлық детальдарын айтап бере алмаймын, бірақ Түркияның бұрынғы премьер-министрі Дәуітоғлының жыл басында Қазақстанға жасаған сапары естеріңізде шығар. Бұдан бөлек Елбасы Ислам әріптестік ұйымы саммиті аясында Стамбулда Түрік басшысымен келіссөздер жүргізді. Жанжалдасқан екі елдің басшыларымен телефон арқылы қанша мәрте сөйлескенін де айтуға болады.

Кей сарапшылар Түркия мен Ресей арасын ДАИШ жылытты деп санайды. Бүгінде терроризмнің ұлты да, шекарасы да жоқ. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев ядролық терроризмнің қаупіне назар аударды. Вашингтонда ядролық қауіпсіздіктің IV саммитінде ядролық қарудан азат әлем құруға шықырды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті (01. 04. 2016ж.):

Хиросима мен Нагасакидің атом бобасының астында қалуының 70 жылдығына орай, ядролық қарусыз әлем құруға шақырамын. Ядролық қарудан бос әлемге жету үшін, БҰҰ-ның жалпыға ортақ декларациясын қабылдауға үндеймін. ХХІ ғасырдың басты мәселесі - ядролық терроризм қаупі мен радиоактивті материалдардың заңсыз саудасы. Қазір әлем жаңа ядролық дәуірге сырғып барады. Және ол болжап болмайтын, қазіргіден де қауіпті кезең.

Қазақ елінің келесі бір маңызды бастамасы - Иран ядролық бағдарламасы бойынша Алматыда екі дүркін келіссөздер ұйымдастыруы. Бұдан соң Иран мен АҚШ тарихи келісімге қол жеткізді. Одан соң ислам мемлекетінен санкциялар алынды.

Украина жанжалы да Астананың араласуымен реттеле бастағаны белгілі. 2014 жылдың 5 желтоқсанында Франция президенті Франсуа Олланд Қазақстанға жасаған ресми сапарынан соң, қайтар жолында ұшағын Мәскеуге бұрғаны есімізде. Ресей басшысы Владимир Путинмен Олланд әуежайда кездесіп, Украинадағы жағдайды реттеу үшін келіссөздер жүргізуге уағдаласады. Ал бір жарым айдан соң "Минск келісіміне" қол жеткізілді.

Франсуа Олланд, Франция президенті (05.12. 2014ж.):

Біз Путин, Порошенко, Меркельмен бірлесіп, шиеленісті азайтып бастауымыз керек. Алдымен арамыздағы кикілжіңдерді жұмсартып, кейін Украина аумағында нақты шараларға кірісуіміз керек. Сондықтан мен үнемі диалогқа ұмтыламын.

Ел тәуелсіздігінің ақ таңында, Қазақстан аяққа енді тұра бастаған сәтте бізде істеген дипломаттар қазақ елі ең алдымен көршілерімен тату болуға ұмтылғанын атап өтті. АҚШ-тың Қазақстандағы бірінші елшісі Уильям Кортни біздің арнаға берген сұхбатында, сонау 1992 жылы еліміз тап болған салмақты сындарды еске алды.

Уильям Кортни, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі (1992- 1995):

Алғашқы сын, Қазақстанға кеңес дәуірінен қалған ядролық қарумен байланысты. Қазақстан АҚШ-пен тығыз қарым-қатынаста болды. Ел ядролық инфрақұрылымынан бас тартқысы келді. Біз бұл қадамды құптадық. Екінші сын - Қазақстанның энергетикалық қауқарын арттыру үшін батыстың инвестициясын көптеп тарту керек болды. Кеңес заманында олар айтарлықтай дамымаған еді. Қазақстанға Chevron компаниясы келгенде, ол барлық посткеңестік аймақтағы ең ірі инвестор болды. Ал ол әріптестіктің өте тиімді болғанын қазір көріп отырмыз.

Қазақстанның алғаш рет  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануын осындай сындарлы сыртқы саясаттың салмақты нәтижесі деуге болады. Астана бұл ретте қандай сұрақтарды алдыңғы шепке шығаратынын нақтылап қойды. Олардың арасында Еуразиялық кеңістіктегі шиеленістерді реттеу мәселесі де жоқ емес.

Айгүл ӘДЕПБАЙ