Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Түркістан музыкалық драма театрында жаңа премьера

AstanaTV
15.12.2021ж. 20:00
1847
Түркістан музыкалық драма театрында жаңа премьера

Түркістан музыкалық драма театрында  жаңа премьера. Өнер ұжымы «Махаббат мұнарасы» атты спектакльді көпшілік назарына  ұсынбақ. Қойылым  жазушы-драматург Талаптан Ахметжановтың «Сұлу мен суретші» шығармасының  желісінде сахналанады.  Қазір ұжым спектакльге қызу дайындық үстінде.

«Махаббат мұнарасы» Ыстық көл жағасындағы оқиға желісінде өрбиді. Сахнада су да, құм да бар. Көрерменге  құдды сол жерде жүргендей әсер береді.  Сұлу әлемнің суретшісі Талаптан Ахметжановтың бұл шығармасы осыған дейін бірнеше рет сахналанған.   Түркістан музыкалық драма театрының ұжымы  сезім сырын шертетін қойылымды жаңаша бағытта ұсынбақ.

Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Ол осымен үшінші  театрда  «Сұлу мен суретшіні»  сахналайды. Бұл жолғы жаңалық-   әйгілі Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи аспабымен Швейцарияның  Цюрих қаласында тұратын талантты музыкант Эльдар Сапараев келеді. Әлем мойындаған музыкант Эльдар Сапараев  «Махаббат мұнарасына  жан бітіреді.

Шынар ОМАРОВА, ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ӘДЕБИ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Ол өзі ғана келмейді, өзімен бірге 1628-ші жылы жасалған аспапты ала келеді. Виолончель аспабы. Бұл Эльдардың қолында болатын аспап -300 жыл бойы Европа корольдігі әулетінің қолында болған. Солардың жеке коллекциясында болған аспап. Қазір мұражайда екен. Сол аспапты бізге алып келе жатыр. Ол өнер сүйер қауымның кез келген сол аспаптың үнін есту, сол аспапты көру арманы деп ойлаймыз.

Қазір сахнада соңғы дайындық жүріп жатыр. Басты кейіпкер -Сұлудың рөлін Ғабит Мүсірепов театрының актрисасы Ақбота Рахат сомдайды.  

Ақбота РАХАТ, АКТРИСА:

Репитиция өзінің бір жоғары деңгейінде жүріп жатыр. Биі бар, пластикасы бар, Нұрқанат ағамыздың айтқан «мектептері» бар. Үлкен мектеп алып, үлкен жұмыс жүріп жатыр. Рухани байып жатырмыз.

Басты ролдерді сондай-ақ, Жұлдыз Абдукаримова, Әділ Ахметов және Нұрқанат Жақыпбайдың өзі  ойнайды. Мәңгілік махаббатты арқау еткен спектакльдегі әуезді музыка, режиссерлік шешім, актерлік шеберлік  бір-бірімен керемет үйлеседі.  «Махаббат мұнарасын» Түркістан тұрғындары мен қонақтары 17-18 –ші желтоқсан күндері тамашалай алады.

А. Төребекқызы