Павлодар облысында әкімдік 7 баланың анасын сотқа бермекші. Атқамінерлер, көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алды,- деп айыптап, 670 мың теңге жәрдемақыны кері қайтаруды талап етуде.
Мүгедек баласы мен күйеуін бағып отырған ақсулық келіншек қомақты қаражатты қайтаруға қауқарсыз.
3 жыл бұрын әр баласына мемлекеттен 21 мың теңге алғанын мойындайды. Әкімдік мүгедек баласына алатын қаражатты жасырдың деп жазғырған. Амалы таусылған отбасы арнамыздан араша сұрады.
Сайрагүл Молдабайқызы – 7 баланың анасы. Осыдан 3 жыл бұрын балаларына алған жәрдемақы, енді бас ауруына айналған. Әкімдік оны сотқа бермекші. Өйткені, атаулы әлеуметтік көмек аларда табысын жасырған деп айыптап отыр. Ал көпбалалы ана болса, кірісін жасырмағанын айтып, безек қағады.
Сайрагүл МОЛДАБАЙҚЫЗЫ, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Неге бізді аямайды. Мүгедектерге неге қамқорлық жасамайды. Менің кінәм не сонда? Осылай зар жылап отырған адамды білмеді, көрмеді, өтірік айтады дейді. Мен қалай өтірік айтам мына түріммен отырып. Мына мүгедек қызды сенің отбасыңа табыс кіріп отыр - дейді. Жатқан түрі мынау. Бір түгіл екі мүгедек бағып отырмын.
Айтуынша отбасының жалғыз кірісі, ол мүгедек баласы мен күйеуіне берілетін болмашы жәрдемақы ғана. Мойындарына қарыз қылып қойған 670 мың теңгені төлеуге шамасы келмейтінін айтады. Осыдан 2 жыл бұрында бұл мәселені көтерген болатынбыз. Ол кезде әкімдік өкілдері қарызды демеушілер көмегімен жауып береміз деп те уәде берген еді. Алайда, уәделерінде тұрмаған.
Балтабай ҚАППАСОВ, АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл кісі айтқан жоқ жұмыс істедім деп. Бала күтімімен жүрдім деді. Түсініп отырмыз. Оңай емес. Сондықтан мен де сізге айтып отырмын. Демеушілік тарапынан көмек көрсетілді. Әлі де көрсетеміз.
Ал заңгер Камиша Есмұхамедқызы әкімдіктің әрекеті заңсыз деп бағалайды. Өйткені, шенділер өздері жіберген қателіктің салдарынан ортайған қазына қаржысын толтыруды ғана ойлап отырғанын айтты.
Камиша ЕСМҰХАМЕДҚЫЗЫ, ЗАҢГЕР:
Өзінің қаражаты жетіп тұрса, мемлекеттен қол жаймайды және сұрамайды. Заңсыз алды деп танылғаны не сот шешімі жоқ. Не оны қандай да бір қағаз жүзінде тергеу амалдары заңсыз пайдаға кенелгенін дәлелденген жоқ. Сондықтан көпбалалы анаға 3 жылдан кейін қойып отырған талап арыз негізсіз.
Ақсу қаласы әкімінің орынбасары, бұл проблеманы оңтайлы шешеміз уәде берді. Бірақ оны қашан орындайтындарын ашып айта алмайды. Мәселені бақылауды жалғастыратын боламыз.
Ө. Қуанар