«Жылудың ақысын төлемейміз!». Түркістан облысына қарасты Кентау қаласындағы көпқабатты үй тұрғындары сапасыз жылуға ақы төлеуден бас тартып отыр. Айтуларынша, олар жиырма жылдан астам уақыттан бері жылуға жарымай келеді. Үйдің салқындығынан жас та, кәрі де жиі ауырады деп налиды. Ал жауаптылар "осыған риза болыңдар" деп шығарып салатын көрінеді. Жұртшылықтың жанайқайын тілшіміз Айзада Төребекқызы жеткізеді.
Кентау қаласының орталығындағы № 7-ші үйдің тұрғындары "жылудың мардымсыздығынан бойымыз бір жылымады" деп ашуланады. Пәтерлер азынап тұр, жұрт қабат-қабат киім киіп, жан бағып отырғандарын айтады.
Дәметкен ЫРЫСДӘУЛЕТОВА, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен 20 жыл тұрамын, содан бері маңдайым терлеп көрген емес бұл үйден. Қыста көретініміз қорлық, оранып отырамыз. Е жөнді жуына алмаймыз, не шешініп жата алмаймыз. Жылу жоқ ешқандай. Бірақ төлеп жатырмыз.
Үйдің салқындығынан кей пәтерлердің қабырғасы көгере бастапты. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Оның денсаулыққа зияны айтпасақ та белгілі дейді өкпелі халық. Амалсыздан әр бөлмеге бір-бір тоқ пешін қосып отырғандарын айтады. Жылуға бір, электр қуатына екі шығындалатын көрінеді.
Құралбай ИСАБЕК, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Үш балам бар. Кеше босанды келіншегім. Дәрігер..біреуі тұмауратса, екіншісі, екінші тұмауратса үшіншісі, семьямызбен ауырып шығамыз. Дәрі-дәрмекке айлығымыздың жартысы кетеді. +Міне светтің оплатасы керек десеңіздер -24 603 теңге. Ай сайын бәріміз 20 мың, 24 мың , кемі 18-15 мың светке төлеп жатырмыз. Біз сонда жылуға не деп төлейміз?!
Білулерінше, әкімдік 50 пайыз жеңілдік жасағанға ұқсайды. Бірақ жылдар бойы мардымсыз жылуға ақша төлеп келдік дегендер енді ақы төлеуге мүлдем үзілді-кесілді қарсы екендерін жеткізді. Шенділерге талай айтқанымен мәселе шешілмеген. Бұл жолы да олар тағы әкімдікке келіп, мұң-мұқтаждарын тыңдар құлақ іздеді.
Суық пәтерде бүрсең қаққан тұрғындарды әкімнің салаға жауапты орынбасары жылы кабинетінде қабылдады. Тұрғындардың мәселесінен хабарсыз екенін айтты. 20 жылда шешілмеген түйткілдің түйінін 1 аптада тарқатамын деп сендірді.
Қуаныш ИСКАКОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Комиссия құрып басына шығамыз, қараймыз. Ол жерде тұрғындардың өздері айтып жатқандай подача жақсы келіп тұр, обратка жоқ деп жатыр. Оның ең басты шешімі үйдің ішіндегі стояктарды ауыстыру. Ол негізі стояктан болатын болса 1 апталық жұмыс. Тұрғындардың ұйымдасуына байланысты ғой ол.
Қырқына шыдаған халық қырық бірге шыдайтындарын айтады. Бірақ, егер уәде етілгендей, мәселе бір аптада шешілмесе, Елордаға дейін шағымданамыз дейді.
А. Төребекқызы