$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қостанайда 5-сынып оқушысы өртеніп жатқан үйден 4 баланы алып шықты

AstanaTV
27.12.2021ж. 20:00
1977
Қостанайда 5-сынып оқушысы өртеніп жатқан үйден 4 баланы алып шықты

Батыр бала –Олег. Өртеніп жатқан үйден 4 баланы алып шыққан қостанайлық 5-сынып оқушысының батыл әрекеті бүкіл елді сүйсіндірді. Өз өмірін қатерге тігіп, қайғылы жағдайдың алдын алған қайсар жеткіншекке  жұрттың алғысы шексіз. Ал Олег өзін батырмын деп есептемейді. "Бұл-менің міндетім" дейді.

Өмірзақовтар отбасы төрт жылдан бері саяжайдағы баспананы  мекендеген .Өрт болатын күні үлкендер пешке от жағып, өздері дүкенге кетсе керек. Үйде 4 бала қалған, үлкені 8-де, ең кішісі- 2 жаста.

Күнжан ӨМІРЗАҚОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Бұл бала менің балаларымның өмірін құтқарып  қалды. Енді оған өмір бойы қарыздармын. Бұл бала егер 5 минут кешіксе деген ой менің ойыма кіргенде жынданып кете жаздаймын.Өйткені балалар айтады төбеден өрт шыға бастағанда ол бала келген.


Қызыл жалынды  сол маңнан өтіп бара жатқан  Олег Пирог бірінші байқаған. Батыр бала ойланбастан көмекке ұмтылыпты. Жеткіншек аулаға кіргенде есіктің отқа оранғанын көреді. Шұғыл терезені ашып, үш баланы алып шығады. Ал төртіншісін құтқаруға көршісі  көмектескен.

Олег ПИРОГ, 5-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:


Балалардың терезе қағып, көмек сұрап тұрғанын көрдім. Курткамды шешіп, терезені аштым.Бірінші балаға аяқ киімімді шешіп бердім. Қалғандарын кезекпен алып шықтым.


Өрт сөндірушілер 8 минутта оқиға орнына жеткенін айтады. Алайда  үйдің шатырын дем де от шарпып, жатын бөлмелердің төбесі опырылып түскен. Олег болмағанда төрт баланың мерт болуы мүмкін еді.

Арыстанбек БАЙМАҚАНОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ  № 1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үйдің төбесінен өрт шығып, шатырын шарпыған. Біз келген кезде екі жатын бөлменің  төбесі опырылып түскен екен.


Тілсіз жаудың тұтануына пешті дұрыс қолданбау себеп болған дейді департамент өкілдері. Ал өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің төрт баласын аман алып шыққан өренге өңір басшылығы алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады. Әлеуметтік желі қолданушылары Қостанайлық оқушыны 2021 жылдың қаһарманына балап жатыр.

З. Санай