Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

БҚО-да омбы қардың кесірінен сегіз аудан жарықсыз қалды

AstanaTV
27.12.2021ж. 20:00
2384
БҚО-да омбы қардың кесірінен сегіз аудан жарықсыз қалды

Батыс Қазақстан облысы қар құрсауында қалды. Омбы қардың кесірінен сегіз ауданда  жарық өшті, ауыз су тоқтады. Екі әлеуметтік нысан мен бір көпқабатты үйдің шатыры ұшып кетті.  Жолда көліктер қаңтарылып, қозғалыс қиындады. Қаладағы кейбір көшелер әлі қардан аршылмай жатыр.  Өңірдегі қарбаласты тілшіміз Еркін Карин жеткізеді.

Коммуналдық мекемелерден күдер үзген тұрғындар күрекпен осылай жол салып жатыр. Тізеден келетін қарда   көлік түгілі, адам әрең жүреді. Жол пайдалану мекемесінің дерегінше, қыс басталғалы  қаладан 12 мың текше метр қар шығарылған. Ал демалыс күндері жауған қардың көлемі осындай. Жығылғанға жұдырық, мекемеде арнайы техниканы меңгерген білікті маман тапшы. Бұл қар тазалау жұмыстарына  әжептеуір кедергі келтіріп жатқан көрінеді.

Жандос ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«Амкодор», Луноход техникалары бізде алтауының орнына көшеде тек төртеуі жүрді. Екеуіне білікті мамандар бізде болған жоқ. Олардың жалақылары 150-200 мыңға дейін жетеді. Ал көшеде жүрген жұмысшылардың жалақысы 100-150 мың жетеді. Жастар мына жұмысқа келмейді.


Боранның кесірінен облыстың сегіз ауданында 7 мыңнан астам абонент жарықсыз қалды. Аудандардағы мәдениет үйі мен колледждің шатырын жел ұшырып әкетті.  Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің де төбесін боран ашып тастады.  Тұрғындар қаңылтыр шатырдың  өздерін мерт қылмағанына тәуба дейді. Бірақ ашық-шашық жатқан төбені тезірек қардан тазартпаса, ол ерігенде пәтерлерді су алуы мүмкін.   

Армат ҒАЗЕЗОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Құтқарушылар келіп, полиция келіп, участковый келіп, бәрі түнде қарап кетті. Бірақ дым да істей алмады қатты жел болғасын. Жоғарыға шығып қарады. Ана жерге лентаны байлады адамдар өтпесін деп. Енді қазір күтіп жүрміз комиссия келеді.


Рауан ҚАЙЫРҒАЛИЕВ, БҚО ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:


Департаментте коммуналдық қызметтердің қатысуымен жедел штаб құрылған болатын. Қазіргі таңда барлық бағыттар бойынша жолдар ашық, облыс бойынша барлық коммуналдық қызметтер қар жинау жұмыстарын жүргізуде.

20 көлік  қар құрсауында қалған. Ондағы жолаушылар құтқарылды.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазір қаланың басты көшелері қардан тазаланып жатыр. Ал қалтарыс-қуыстағы көшелерге кезек содан кейін тимек. Ауа райын болжаушылардың дерегінше, әлі үш күн бойы қар жауады. Демек жаңа жыл алдындағы апта қарбаласқа толы болатыны сөзсіз.

Е. Карин