Екібастұзда 10 млрд теңгеге салынған нысан қаңырап тұр. Осыдан 12 жыл бұрын іргетасы қаланған оқу орталығының құрылысы былтыр ғана аяқталған. Бірақ онан кейін де ешқандай мекеменің қарамағына алынбапты. Бюджеттің қыруар қаржысына тұрғызылған ғимаратты 4 бірдей министрлік пен Павлодар облысының әкімдігі қалай пайдаға жаратарын білмей отыр. Өңірден-Өзгеріс Қуанар.
Әу баста бұл орталықта отын және энергетика саласына қажетті мамандар даярланады деп жоспарланған. Алайда, ол жүзеге аспады. Себебі, құрылысты жобалау жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Салдарынан ғимараттың жертөлесі суға толып, құрылыс тоқтап қалды. Сол уақытта есік терезесі тоналды. Одан қалды шатыры өртеніп, әйтеуір басынан дау арылмай қойды. 12 жылда құрылысына 10 млрд теңге жұмсалған нысан енді қазір бос тұр.
Әбілқайыр СҚАҚОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Өткенде мемлекет басшысы Екібастұз қаласына келіп үлкен жиын өткізді моно қалаларды дамыту бойынша. Қандай жоспарымыз бар баяндадық. Осы оқу орталығы туралы мен ұсыныс енгіздім. Үкіметке сонымен қатар маған тапсырма берілді. Біз бір шешімге келу керекпіз.
Оқу орталығының іргетасы қаланғанына 12 жылдан асты. Бірақ, әкімдер мен министрлер әлі бір шешімге келе алар емес. Нысан ешкімнің қарауына әлі алынбаған. Иесіз тұр. Білім министрлігі облыстық әкімдікке сілтейді. Ал олар тапсырыс беруші министрлік екенін алға тартады. Осылайша, қазынаның қыруар қаржысына салынған орталық ешкімге керек болмай қалған секілді. Жергілікті шенділер ғимаратты қайда, қалай пайдалану мәселесін қарастырып жатқандарын айтады.
Александр ВЕРВЕКИН, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Жақында орталыққа Еңбек және әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, индустрия және инфрақұрылымды дамыту,сондай-ақ, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің өкілдері келді. Еңбек министрлігі өндірістік мамандарды, оның ішінде IT саласына қажетті мамандық иелерін даярлауды ұсынды.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Бір қызығы, сақалды құрылысқа қатысты ешкім жауапкершілікке тартылмаған. Ал нысаннның алдағы тағдырын енді 4 бірдей министрліктен құрылған арнайы комиссия шешпек. Бірақ олардың қашан бір шешімге келері белгісіз.
Ө. Қуанар