$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Жамбылдағы жойқын жарылыстың болғанына 4 айдан асты

AstanaTV
30.12.2021ж. 20:00
2436
Жамбылдағы жойқын жарылыстың болғанына 4 айдан асты

Жамбылдағы жойқын жарылыстан кейін жоғалып кеткен сарбаз әлі табылған жоқ. Елді дүр сілкіндірген апаттың болғанына 4 айдан асып барады.  Жарылыс кезінде  17 адам қаза тауып,  98 адам зардап шеккен болатын.  2021 жылы жұртты елеңдеткен  басты оқиға  ретінде бұл  күн де тарихта қалмақ.   

26 тамызда сағат 18.45-те "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының инженерлік оқ-дәрі базасындағы қоймалардың бірінен өрт шықты.   

Аспанға ысқыра ұшқан снарядтар   жұрттың зәресін алды.   Қоймаға жақын орналасқан Байзақ ауданының тұрғындары  қас қарайған сәтте  жан-жаққа бас  сауғалап, тым-тырықай қашты.  

Алғашқы сәтте оқшаулау үшін барлығы 500-ге жуық адам тартылды. Кейін олар санын мыңға дейін арттырды. 31  әскери техника жұмылды.+ Апат орнына алғашқы боп жеткендердің бірі Алмаз Тұрсынов еді.  Ол төтенше жағдай кезінде өз міндетін абыроймен атқарды.

Алмаз ТҰРСЫНОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ №4 ӨСБ ҚАРАУЫЛ БАСТЫҒЫ:

Бәріміз бір жерге жиналып қалдық. Бетіме су шашып, сұрады көзің көре ме, көрмей ме деп. Көрмейді дедім көзім. Белдігімнен ұстап, біраз жерге дейін сүйреп апарды. Қараңғы түтін. Демала алмадық дұрыстап.

Алмаздың  қасында болған әріптесі -Байбек Сембеков. Ол өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы қызметінде болған.   Байбек    кейбір жігіттерді құтқарып қала алмағанына жаны ауырады.

Байбек СЕМБЕКОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ №4 ӨСБ ҚАРАУЫЛ БАСТЫҒЫ:

Әділбек Әділет және Кеңес Әліби деген екі жігіт. Әділбек Әділет өзінің жұмысына нақты білетін жігіт. Пожаркада істеп жүргеніне үш-төрт жылдай болып қалған. Кеңес Әліби екі ай, үш айдың шамасы ғана болған.

Әскери қоймадан  2 шақырым жерде  орналасқан  Қайнар ауылында 17 үй болса, соның барлығының   сау тамтығы қалмады.  Ғимараттардың қабырғалары құлап, қоршаулары қираған, тіпті кейбір үйлер тұруға жарамсыз боп қалды.  

29 қазанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Әскери қоймадағы жарылыстар кезінде қаза тапқан азаматтар мен олардың әйелдерінің кредиті кешірілді. Отбасыларға қажетті көмек көрсетілді. Апат ошағында опат болған  азаматтардың отбасыларына Үкімет тарапынан 15 млн теңге көмек қаржы тағайындалды. Сол кездегі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараздағы жарылыстан кейін отставкаға кетуге шешім қабылады.  Қайғылы оқиғадан бері қанша уақыт өтсе де жоғалып кеткен сарбаз  Бауыржан Дәуітбаев әлі табылар емес.  

Дарын ТҰЯҚОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Іздеу жұмыстары ұзаққа созылды. Аталған іске көп ресурс тартылды. Ауа райы іздеу жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ, жұмыс жалғаса береді деп ойлаймын. Іздеу жұмысының басты қиындығы- гарнизон үлкен. Іздеу жұмыстарына жұмылдырылып жатқан әскери қызметкерлер бар. Оның денесі түгелдей өртеніп, түгі қалмауы мүмкін емес.  Оны барлық аумақтан іздестіріп жатыр.  

Байзақ ауданы бойынша жалпы саны 35 үй толығымен қалпына келтірілді.  Үшбұлақ ауылында 4, Жібек Жолында 12, Қайнар ауылында  19 баспана жүз пайыз жөнделді. Әскери бөлімге ең жақын орналасқан ауыл адам танымастай өзгерді.   Әлеуметтік нысандар да бұрынғы қалпына келтірілді. 176 ғимараттың   168-і жөнделді. 12 кәсіпкерлік нысан бүтінделді.
 
Берік ЖҰМАБАЙҰЛЫ, ТІЛШІ:

Айдың күннің аманында 17 адамның өмірін алып кеткен алапат апат осы жылдың ең ауыр оқиғасы ретінде тарихи жылнамаға енді.  Қорғаныс министрі қызметінен кеткенімен бәрі бұрынғыдай болмайтыны өкінішті. Жарылыста жақынын жоғалтқандардың көз жасы құрғай қоймас....  Ендігі  тілек-  мұқым елге қайғыдан қан  жұтқызған  жағдай  енді  қайталанбасын.

Б. Жұмабайұлы