Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын азық-түліктің бағасы қымбаттап барады. Мерекенің сәні-шыршаның да құны шарықтап тұр. Бірақ жұрт оған қарап жатқан жоқ. Базарларда сауда қызып жатыр. Мереке алдындағы қарбаласты аймақтардан әріптестерім жеткізеді.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Алматыда жаңа жылға дайындық қыза түскен. Қарбаласты қала көшелеріндегі көлік кептелісінен-ақ байқауға болады. Дүкендер мен базарларда адам нөпірі көп.
Мерекеге орай сұранысқа ие тауарлардың қатарын шырша мен ойыншықтар толықтырған. Саудагерлердің айтуынша, биыл жасанды қылқан жапырақтыларға сұраныс көп. Жұрт биіктігі 60-90 сантиметр болатын жасыл желекті бағасыны қарамастан алып жатыр.
Шалқар, САТУШЫ:
Негізі адамдар көп келіп жатыр. Қарбалас. В основном осы жаңа жылдық шыршалар, безендірулерді алып жатыр. Баға жағы былтырғымен салыстырғанда кішкене қымбатырақ. 1000-2000 теңге айырмашылығы бар әр тауарда.
Саудагерлер жұрт көбінесе пәтерлеріне шағын шырша сұрап келетінін айтады. Сондықтан алып ағаштар биыл сауда орындарына әкелінбепті. Ақшасын аямайтындар міндетті түрде ойыншығын да қоса ала кететін көрінеді. Дегенмен бағадағы айырмашылық халықтың қалтасына салмақ болып тұр.
Арман, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Барлық нәрсе қымбаттаған. Ет деген иә где-то 30 пайызға қымбаттаған. Шырша деген әрбір жыл қымбаттайды. Жылдың аяғында.
Раиса, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Азық-түліктің бағасы онсызда қымбат болатын. Мереке қарсаңында тағы өсті. Амал жоқ барымызды төлеп сатып алып жатырмыз. Не дегенмен асыға күтетін мерекеміз ғой.
Мереке жақындағандықтан болар алматылықтар қазір бағаға қарап жатқан жоқ.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Базарларда азық-түлік пен жемістің саудасы қызып тұр. Оған қоса жақынына сыйлық іздеп сабылып жүргендер тағы бар. Отбасылық мерекеде бір-бірін қуантуға асыққан жұрт бағаны есептеп жатқан жоқ. Мегаполистегі қарбалас осындай. Ал Атыраудағы әріптесім Базаргүл Нәдірқызы, өңірдегі жағдайды айтып бермек. Базаргүл.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Рахмет, Әсем. Атыраулықтар отбасылық мерекеде ет аспауы мүмкін. Аймақта ет бағасы қымбаттап кетті. Базар сөрелерінде төрт түліктің өнімі самсап тұрғанмен, сатып алып жатқандар сирек.
Көпшілігі бағасын сұрап, бас шайқауда. Тұрғындар мерекені пайдаланып, сатушылар әдейі қымбаттатып отыр,- дейді.
Гүлфара ДОСМҰХАМБЕТОВА, ТҰРҒЫН:
Қымбат, өте қымбат. Қазір жаңа жыл болғасын көтеріп жатқан шығар. Жалпы еттің бағасы қымбат. Оның үстіне Атырау облысы етті жер. Малды өздері өсіреді. +Өткенде келгенде 1800ден алып едік. Қазір 2600.
Сауда орындарында картоп бағасы да ұшып тұр. Келісі -300 теңге. Сатушылар халықтың жағдайынан хабардар. Соңғы кезде картоп пен жуаны келілеп емес, екі-үш түйірлеп сатып алуға келеді,- дейді.
Нұржамал ЕРЖАНОВА, ТҰРҒЫН:
Қымбаттап кетті. 200-180нен алып жүрген картоп300ге барып жатқан.
Алдау ДЕМЕШОВА, САТУШЫ:
2-3 келі алады. Одан артық ала алмайды халық. Сосын 3-еуден алады. Үшеуден жуа алады. Штуктап алуға душар болып жатыр.
Статистика департаментінің мамандары жеміс-жидектер мен көкөністердің де қымбаттағанын растап отыр. Мәселен, қияр 18,8, қызанақ, 16,9 пайызға өскен Мерекелік дастарханның сәні алма 450, Мандарин 800, банан 700, ал ананас 2000 теңгеден сатылып жатыр.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Бірақ бұған қарамастан сауда орындарында халық ығы-жығы. Аяқ алып жүру қиын. Мерекені мол дастархан басында қарсы алуды жақсы ырымға балайтындар бағаға да, сапасына да қарап жатпаған сыңайлы.
Ә. Лесбек, Б. Надірқызы