$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Жолдау-2021: нәтиже қандай?

AstanaTV
30.12.2021ж. 20:00
1904
Жолдау-2021: нәтиже қандай?

Келер жылы ең төменгі жалақы деңгейі  42 мың 500 теңгеден 60 мыңға   көтеріледі.  Бұл туралы  Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы  Жолдауында айтты. Өйткені төменгі айлық көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД-дағы бірқатар  елден артта қалған. Сондай-ақ,   алдағы жылы бюджеттен қаржыландырылатын сала мамандарының айлығы көбейеді.   

Президент   өткен жылы 600 мыңнан астам педагогтар мен дәрігерлердің, әлеуметтік   қызметкерлердің жалақысы өскенін, алайда бюджеттен қаржыландырылатын өзге  сала мамандары  тыс қалғанын айтты. Олар: кітапханашылар, қорықшылар, мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, техника қызметкерлері мен көлік жүргізушілер. Сондықтан  мемлекет басшысы  бұл мамандық иелерінің  жалақысын жыл сайын арттыру қажет деп атап өткен болатын.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бюджеттік мамандықтар 2022 жылдан 2025 жылға дейін жалақылары жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіп отырады.Тұтастай алғанда тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді.

Сондай-ақ Президент әлеуметтік көмектен шын мұқтаж жандар тыс қалып жатқанына тоқталды. Есесіне кейбір азаматтар үкіметке алақан жаюға дайын тұратынын жасырмады. Мемлекет басшысы масылдықтан арылу қажет деді. Бұл пікірді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы да қолдайды.

Рамазан САТТАРҰЛЫ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:

Мемлекет бір приоритет сақтау керек. Неғұрлым халықты еңбекпен қамтуды қамтамасыз етіп, еңбекке құштарлығын арттырып және де оған дәлме-дәл келетін төлемақысы  болу керек. Ал енді ондай болмаса біз халықтың көбі тек қана мемлекетке сеніп, үкіметтен ғана ақша сұрауды әдетке айналдыратыны сөзсіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев  ең төменгі жалақыны көбейтуді тапсырды. Өйткені ол 2018 жылдан бері қайта қаралмаған. Дүниежүзілік коронавирус пандемиясына байланысты дағдарыс халық табысына қысымды арттырды деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің бұған дейінгі жолдауларында берілген тапсырмалары талапқа сай орындалып, жақсы көрсеткіштерге ие болды. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы қабылдаған шешімі экономикаға айтарлықтай әсер етті. Осының арқасында  миллионнан астам  қазақстандық  тұрғын-үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын  өтеді.

БЛИЦ:

- Өте жақсы бағдарлама. Шешім жақсы. Ары қарай жалғасса, жақсы болатын еді.

- Көзінің тірісінде алып, соның қуанышын көзінің тірісінде көргені жақсы ғой. Сол үшін дұрыс деп ойлаймын.

- Әрине, жақсы шешім. Басқаша баспаналы болу мүмкін емес еді ғой. Біраз адамға жақсы мүмкіндіктер берді.


Қазақстандықтардың кейбірі қаражаттарын ем алуға жұмсаса, бірқатары жөндеу жұмыстарына пайдаланды. Кейбіреулер денсаулығын жақсартты.  Жалпы халық жыл сайын Жолдаудан жақсы жаңалық күтеді. Президенттің нақты тапсырмалары негізінде елімізде көптеген  түйінді түйткілдің түйіні тарқатылды. Келер жылдан да үміт мол.

А. Базарбай