Апатты баспанадан көшірілгендерге жалдамалы пәтерді біршама уақыттан кейін сатып алу мүмкіндігін беру қажет. Сенатор Нариман Төреғалиев Үкіметке осындай ұсыныс айтып, депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысында апатты жағдайдағы үйлердің мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Халыққа апатты болса да, өз меншігіндегі үйден айырылмау маңызды екенін айтады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үйде біршама уақыт тұрғаннан кейін оларға коммуналдық пәтерлерді қалдық құны бойынша жекешелендірудің немесе сатып алудың құқығы берілуі керек деп есептейді. Осыған орай «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға өзгерістер енгізуді ұсынды.
Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
"Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға сәйкес, тұрғындар коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алғандықтан, олардың меншік құқығындағы авариялық тұрғынжайлары коммуналдық меншікке қабылданды. Осылайша бір мезетте азаматтар жалғыз баспаналарынан айырылып, жалдамалы пәтерлерге ауыстырылды. Тұрғындардың басым көпшілігі аз қамтылған азаматтар екендігін атап өткен жөн.
Ал Сенат депутаты Ольга Булавкина шекара маңындағы тұрғындарға 2 пайыздық несие мен 1 жарым коэффиценттік еңбек өтілін беру қажет деп санайды. Оның мәліметінше шекаралық аймақтарда 1,5 миллионнан астам адам тұрады. Алайда бұл көрсеткіш жыл өткен сайын азайып келеді, деді сенатор. Оған мектептер мен балабақшалардың жабылуы, агроөнеркәсіп кешенінің кенжелеп қалуы, кәсіпкерлік әлеуеттің, инфрақұрылым мен тұрғын үйдің болмауы себеп болып отыр дейді. Сондықтан ондағы тұрғындарға қолдау көрсету қажет деп атап өтті.
Ольга БУЛАВКИНА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Оған қоса, тиісті аумақтарда өңірлерді дамыту аясында қызмет атқаратын кәсіпкерлерге арнайы салық жеңілдіктері мен преференцияларды қолдану керек. Ол шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік беріп, еркін экономикалық аймақтар үлгісі бойынша стартаптарды іске асыруға серпін береді.
Б. Сатуов