$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстан экономикасын тұрақтандыру жоспары таныстырылды

AstanaTV
18.01.2022ж. 20:00
804
Қазақстан экономикасын тұрақтандыру жоспары таныстырылды

Бүгін Үкімет ең қажетті әлеуметтік тауарлардың бағасы реттеу туралы жоспарды қабылдады. Жаңа құжатты Ұлттық экономка министрлігіне келген су жаңа шенді Әлібек Қуантыров таныстырды. 51 шарадан тұратын құжатта қандай салаларға басымдық берілген? Үкімет мүшелері оны қалай қабылдады? Жиынды онлайн тындаған әріптесім тақырыпты тарқатады.

Ұлттық экономика министрлігі ел экономикасын тұрақтандыру жоспарын әзірлеп, бүгін оны Үкіметте таныстырды. Министр құжат 51 шарадан тұратынын айтты. Оның ішінде халық пен кәсіпкерлікті қолдау, ұйымдастыру-қаржылық мәселелерден бөлек, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру жолдары да бар.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Бұдан бөлек, әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарланып жатыр. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығының өнімдерін қажет болған жағдайда, сыртқа шығуға шектеу қоямын деп ескертті. Бірақ министрі Ербол Қарашөкеев, бізде 2025 жылға дейін жететін азық қоры бар екенін айтты.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Агро өнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған, ұлттық жоба шеңберінде азық-түлік тауарлар өндіріс көлемін кемінде 80 пайызға, құс етін-100, шұжық өнімдерін 100 пайызға және қантты 80 пайызға арттыру үшін инвестициялық жобалар іске асыруы басталды.


Сонымен қатар, жиында мұнай өнімдеріның бағасы да сөз болды. Премьер-министр оны жеткізу тізбегін қысқартып, баға белгілеу практикасын талдау қажеттігін баса айтты. Энергетика министрлігіне бір ай ішінде мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулер дайындауды тапсырды. Жауаптылар болса, бұған қатысты жоспарларымен бөлісті.

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Қазіргі уақытта министрлік жанар-жағармай материалдары саласын тұрақтандыруға бағытталған іс-шараларды әзірледі. Оның ішінде бензин мен дизель отынына бағаларды мемлекеттік реттеуді белгілеу, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу бойынша тиісті бұйрықтар қабылданды.


Отырыс барысында, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевта сөз алды. Ол қызметкерлерін ынталандыру жұмыстарын тоқталды.  

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Мәселен, төтенше жағдай кезінде құқық қорғау қызметіне тартылған қызметкерлерге 150 000 теңге көлемінде сыйақы және курсанттар мен сарбаздарға бағалы сыйлықтар бөлінді.

Әлихан Смайылов әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру туралы жедел іс-қимыл жоспарының іс-шараларын жүзеге асыруды жеке бақылауға алуды жергілікті әкімдер мен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына тапсырды.  

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жалпы бұл жоспардың іске асырылуы қаңтар оқиғаларынан кейін елдегі  әлеуметтік-экономикалық жағдайды жел қалыпқа келтіруді қамтамасыз етеді. Егер сұрақтарыңыз болмаса, жедел іс-қимыл жобасын мақұлдауды ұсынамын.

Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дерегінше ең ірі жанармай құю станцияларына қатысты тергеу басталды. Тергеудің алдын ала қорытындысына сай сұйытылған газ бағасының өсуіне электронды сауда алаңындағы баға белгілеу механизмінің жетілмегендігі себеп болған.

Ә. Дүкембаева