Алматыда коменданттық сағат аяқталғанымен, террористік қауіптің қызыл деңгейі сақталады. Сондықтан бүгін қаланың орталық көшелері уақытша жабылды. Полиция департаменті мұны лаңкестерге қарсы жүргізіліп жатқан операциямен байланыстырды. Ал мегаполистегі әуежай қалыпты жағдайда жұмыс істеуге көшті. Алматыдағы ахуалды әріптесім Әсем Лесбек толығырақ баяндайды.
Халықаралық әуежайда тіршілік қайнап жатыр. Дүрбелеңнен соң қызметін штаттық режимде жандандырған орталықта адам көп. Бірі кетіп, бірі келіп жатыр. Лаңкестер ойрандаған ғимарат толығымен қалыпқа келтірілген. Бірақ, шығын көлемі әлі нақтыланған жоқ.
Найля ЖАБАГИНА, АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қазір әуежайға келтірілген шығын әлі есептелуде. Нақты сомма кейінірек хабарланатын болады. Бүлінген барлық дүниелер қалыпқа келтірілді. Сынған камералар, дүкендер, айырбастау орны қайта жөнделді.
Бұзақылар тас-талқанын шығарған кәсіпкерлік нысандардың шығыны әуежай есебінен өтелді. Ал тұрақта бүлінген сегіз көліктің мәселесін биліктегілер шешпек.
Найля ЖАБАГИНА, АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бүлінген сегіз автокөліктің барлығы жолаушыларға тиесілі. Ол әуежайдың ВИП бөлімі жағындағы тұрақта болды. Билік өртенген көлік мәселесінің реттелетінін айтты.
Жолаушылар әуежайға әдеттегідей «Ашық» қосымшасы арқылы кіреді. Қауіпсіздік мақсатында әр адамның құжаты әбден сүзгіден өткізіліп, жүктері жіті тексерілуде. Полиция Департаменті азаматтардың бұған түсіністікпен қарауын сұрайды.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Террорлық қауіптіліктің қызыл деңгейінде құқық қорғау органдарында азаматтардың затттарын, көлік құралдарын жеке тінтуге сондай-ақ олардың қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға рұқсат етілгенін еске саламыз. Шерулер мен митингтерге тыйым салынады.
Шабуыл кезінде әуежайда 300-ден астам жолаушы болған. Абырой болғанда, барлығы бүлікшілерден дер кезінде бас сауғалап үлгерген. Айта кетейік, жаппай тәртіпсіздікке және өзге де қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 3 мыңға жуық адам ұсталды.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Қалада коменданттық сағат аяқталғанымен террористерге қарсы операция жалғасып жатыр. Полиция қауіпсіздік мақсатында шаhардың кейбір көшелерін жауып тастады. Мәселен бүгін түске дейін мына мен тұрған Төле би көшесі мен Желтоқсан, Назарбаев даңғылдары жабық болды. Полиция күдікті деген азаматтардың құжаттарын тексеріп жатыр.
Ә. Лесбек