$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елордадағы ТЖ режимі: қанша құқықбұзушылық анықталды?

AstanaTV
19.01.2022ж. 20:00
1303
Елордадағы ТЖ режимі: қанша құқықбұзушылық анықталды?

Еліміздің  барлық өңірінде төтенше  жағдай режимі аяқталды. Дегенмен, Елордадағы мемлекеттік нысандарда күшейтілген тәртіп сақталады. Сондай-ақ кейбір аймақта  лаңкестікке қарсы операция жалғасып жатыр. Полицейлер  арнайы рейдтер  өткізуде. Нұр-Сұлтан қаласында  блок-бекеттер мен қала ішін тексеру кезінде 7 қару, оқ-дәрі және 72 суық қару тәркіленіп, есірткі қылмысына қатысты 11 дерек  анықталған. Сондай-ақ, коменданттық сағатты бұзған алты жүзден астам адам жауапкершілікке тартылып, оның  42 -сі   қамауға алынды. Ал тәртіп сақшылары аулалар мен пәтерлерді аралап шығу барысында,  көші-қон заңнамасын бұзған 76 адамды анықтап, оларды елден шығарған.

Ержан САДЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПД БАСТЫҒЫ:

Коменданттық сағатты сақтамай, қызметін жалғастырған көңіл көтеру мекемелері анықталды. 64 кәсіпкерлік жұмысына тосқауыл қойылды. Қылмыс пен өзгеде құқық бұзушылықтың саны азайды. Осы қиын күндері ішкі істер органдары мен Қорғаныс министрлігінің жеке құрамы қалада тәртіп орнауын қамтамасыз етті.


Ал Таразда  тәртіпсіздік кезінде ұрланған қару-жарақтарды гаражында жасырған тұрғын ұсталды. Бұл туралы Жамбыл облысы полиция департаменті хабарлады.  24 жастағы қала тұрғыны заңсыз қару-жарақты сатпақ болған. Қазір күдіктіге қатысты  сот алды тергеп-тексеру жүріп жатыр.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Ол қаруларды жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрлап, гараж шұңқырына жасырғанын және кейіннен оны сатуға дайындағанын  мойындады. Күдіктіден барлығы 10 "Макаров" тапаншасы, 4 "Калашников" автоматы мен 2 шулы граната тәркіленді.

Б. Сатуов