Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Оралдық «Батыс су арнасы» мекемесі құрдымға кетуі мүмкін

AstanaTV
19.01.2022ж. 20:00
567
Оралдық «Батыс су арнасы» мекемесі құрдымға кетуі мүмкін

Оралдық «Батыс су арнасы» кәсіпорнының жұмысшылары жалақының кешігіп келетінінен шаршаған.  Олардың айтуынша, зейнетақы жарнасы да жарты жылдан бері аударылмаған. Айлығын уақытылы алмаған жұмысшылардың көбісі несиесін төлей алмай, қарызға батыпты. Наразылардың арызын тыңдаған тілшіміз толықтырсын.

Ашуға мінген жұмысшылар жалақысын ай сайын кешігіп алатынына наразы. Осының кесірінен көбісі несиесін уақытылы төлей алмай қарызға батқан.

Аман ӘЛИЕВ, «БАТЫС СУ АРНАСЫ» ЖШС ЖҰМЫСШЫСЫ:
 
Мен өкінбеймін, мен соныменен табысымды тауып келдім. Алар жалақымды алып келдім, енді мынау қате ғой. Сіздер басшысыздар ғой. Беріңдерсейші жалақыны, маңдай терлері ғой, бөліп бересіңдер. Трактористер деген онында алып алды.


Облыс орталығын сумен қамтитын «Батыс су арнасы» мекемесінде 850-ге тарта адам жұмыс істейді. Көбісі жалақымыз 100 мың теңгеге де жетпейді дейді. Бұл аздай, айлықтан ұсталар салық та төленбепті.

Төлеген МҰСАҒАЛИЕВ, «БАТЫС СУ АРНАСЫ» ЖШС ЖҰМЫСШЫСЫ:

Бізде 6 айдан бері жалақымыз кешігіп беріліп жатыр. Он күн, он екі күн, он үш күн кешіктіріп беріп жатыр. Бізді құртып тұрған қазір тұрақсыздық. Пенсионныйымыз қыркүйектен бері аумаған. Ай сайын аууы керек қой. Ал медстраховкамыз кісілер бар ішімізде әшейін дәрілер алатын. сол кісілер авгуттен бері қарай дәрілерін ала алмай жүр.


Мекеме директорының айтуынша, «Батыс су арнасы» қарызға белшеден батқан. Ал жұмысшылардың жалақысы судың ақысы есебінен төленеді.  Сондықтан сырттан көмек болмаса, банкрот болып, құрдымға кетуі мүмкін.

Әнуар АРКЕНОВ, «БАТЫС СУ АРНАСЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Маған дейінгі директор жалақыны әр айдың онында бергізетін. Ол әуелі жалақыны, содан кейін салық пен өзге де шығындарды төлетті. Мен директор болып келгенде мекеменің жарық пен салыққа қарызы 900 миллион теңгеге жеткен. Кейін жеткізушілердің бәрі бізді сотқа берді. Ал іс сотқа түссе, барлық шотымыз жабылады. Оның әуресі көп. Сондықтан алдымен қарыздан құтылмақпын. Ал одан артылған ақшаға біртіндеп жалақы төлетіп жатырмын. Өйткені жұмыс тоқтап қалмауы керек.

Жұмысшыларын сабырға шақырған мекеме директоры жалақыны осы аптаның соңына дейін өтейтінін айтып сендірді. Тіпті мәселені қала мен облыс басшылығына жеткіземін деп, ұжымдық хатқа да қол қойдырды. Бірақ қаржылай көмек көрсетілмесе, желтоқсан жалақысының жыры ақпан айында да жалғасуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
 
Е. Карин