Автокөліктер үшін міндетті техникалық байқауды алып тастау қажет. Мәжілісмен Айқын Қоңыров осындай ұсыныс көтеріп, оны Үкіметке депутаттық сауал арқылы жолдады. Оның айтуынша аймақтарда техникалық байқаудан өту рәсімі формальды түрде атқарылып, сыбайлас жемқорлыққа жол беріліп жүр. Мәселен өткен жылы көлік комитетінің қызметкерлері құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, олардың ешқандай техникалық байқаусыз 260 мыңнан астам диагностикалық карта жасағаны анықталған. Бұл істі ел бойынша 28 компания жүзеге асырып келген.
Айқын ҚОҢЫРОВ. ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Бүгінде техникалық байқау формальды шараға айналып, сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызған. Біз еліміздегі автобустардан, жүк көліктерінен және такси ретінде коммерциялық мақсатта пайдаланылатын көлік құралдарынан басқа автокөліктерден міндетті техникалық байқауды және көлік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуды алып тастау орынды деп білеміз.
Б. Сатуов