Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қ.Тоқаев: Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық шектен шықты

AstanaTV
21.01.2022ж. 20:00
2527
Қ.Тоқаев: Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық шектен шықты

Қаңтардағы оқиға жылдар бойы жиналған проблемаларды ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бизнес өкілдерімен кездесуінде осылай деді. Президент жиында қоғамды жаңғырту үшін біршама стратегиялық міндет тұрғанын айтты. Экономикалық саясатты қайта құру, халық табысын арттыру, байлық монополиясын жою, сот жүйесін жаңаруы мен табиғи шикізаттың дұрыс қолдану.  Президент айтпақшы, "халық үніне құлақ асатын мемлекеттің" бастамалары жайлы, толығырақ Динара Жарқынбек тарқатады.

Бүгін Президент отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, қоғамды жаңғырту үшін бірігуге шақырды. Оның айтуынша, бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні зор. Сондықтан  шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек,- деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкімет пен бизнес нақты шаралар мен тетіктерді бірге әзірлеуі тиіс. Тағы да қайталаймын, бірге. Бизнес те, билік те ел болашағы үшін, жаңа Қазақстан үшін ортақ жауапкершілік арқалайды. Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек.


Президенттің пікірінше, байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық экономикаға қатер төндіреді. Белгілі бір элита үнемі алда екенін, соның салдарынан халықтың табысы азаятынын немесе тоқырайтынын мәлімдеді. Президент жағдайды дереу өзгерту керек,- дейді.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, кейбір, арнайы білімі жоқ адамдар үлкен кәсіпті басқарып жүр. Есесіне шынайы білімі бар азаматтар бизнес көздеріне, несие ресурстарына қол жеткізе алмай жүргенін айтты. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әділдікке сенбеушілігін тудыратынын жеткізді.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Адамдар бизнестің барлық түрі неге бір адамдар қолында деп ойлайды. "Біздің қай жеріміз кем" деген сұрақ қояды. Гегельді Бабельмен шатастыратын, арнайы білімі жоқ адамдар бар, бірақ олардың қолында үлкен бизнес бар. Бизнес дами береді, бұл депрессияны, қоғамға сенбеуді, осыдан туындайтын барлық әлеуметтік-экономикалық салдармен әділдікке сенбеуді тудырады.

"Осында ақша табамын, басқа жақта жұмсаймын" деген қағидат бұдан былай болмауы керек. Президент осылайша болашағы Қазақстанмен байланысатын кәсіпкерлерге - табысын елге қайта инвестициялау керектігін ескертті. Айтуынша, бұл кәсіпкерлердің Отан алдындағы жауапкершілігі.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әңгіме отандық компаниялардың қаражаты туралы болып отыр. Болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырсаңыз, онда өз қаражатыңызды елге қайта инвестициялауыңыз керек. Кәсіпкерлеріміз өздерінің тікелей және басты қызметі ретінде нақты бизнес-жобаларға несие бере бастауы үшін нені түзету керек? Әрине, сұрақ қиын, оны түсінемін, бірақ оны шешу керек. Қазір бұл - экономикалық өзгерістердің негізгі тежегіші.

Соңғы жылдары шағын және орта бизнес өкілдерінің уайымы карантиндік шектеулер болды. Президент халықтың әлеуметтік жағдайын аса назарға ала отырып, қатаң карантиндік шараларды қайта қарауды тапсырды. Айтуынша, бұл қажетсіз шара. Жиында талқыланған маңызды мәселенің бірі -сатып алу саласындағы шикіліктер. Елде импорттық өнім беретін бір күндік қатаң сүзгі жоқ дейді. Аталмыш саладағы сыбайластық, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерін шұғыл шешуді тапсырды.  Сондай-ақ, "Самұрық-Қазына" қорының сатып алуларына ерекше назар аудару керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бір ай беремін және соңғы рет. Шешім болмаса қатаң шешімдер қабылданады. "Платон менің досым, бірақ шындық қымбат" формуласы мен үшін маңызды, мақсатты мәнге ие екеніне көз жеткіздім деп үміттенемін. Бұл барлық мәселеге қатысты. Мен үшін мемлекет қызығушылығы біреумен жақсы қарым-қатынастан жоғары. Егер мемлекет үшін қажет болса, өте қиын шешімдер қабылдадым және мұндай шешімдерді болашақта да қабылдай беремін.

Кездесу барысында табиғи байлықты барынша тиімді пайдалану жолдары талқыланды. Президент бүгінге дейін мұнай химия саласы қалыптаспағанын баса айтты.  Үкіметке барлық кен орнына тексеру жүргізу тапсырды.  Жаңа экономикалық бағыттың негізгі қағидаларының бірі жеке меншікке қол сұқпау. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірініше, Бұл мәселеде ашық әрі әділ сот кепіл болуы тиіс.  Сондықтан судьялар копусын жаңартып, жас білікті кадрларды тарту арқылы сот жүйесін жаңғырту қажеттілігіне тоқталды. Президент Үкімет жанынан отандық кәсіпкерлер кеңесін құру туралы бастама көтерді.

Д. Жарқынбек