Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтөбеде аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынып, ауруханадан қашқан адам ұсталды

AstanaTV
24.01.2022ж. 20:00
1935
Ақтөбеде аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынып, ауруханадан қашқан адам ұсталды

Ақтөбеде ауруханадан қашқан аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті   ұсталды. Полиция департаментінің хабарлауынша, қашқын қаладағы Сәтпаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы бес қабатты үйдің жертөлесіне жасырынған. 49 жастағы  адам кеше таңғы сағат жетілер шамасында облыстық жедел жәрдем ауруханасынан қашып кеткен болатын. Медициналық мекемеге ол бес күн бұрын уақытша ұстау изоляторынан жеткізілген.

Сәкен ҚАПАНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Науқасты 19-қаңтарда хирургиялық бөлімге алып келді. Ол өзінің денесіне жарақат салған, кеудесіне, пышақ емес, қаламмен жасаған. Соны хирургиялық бөлімге жатқызып, операция жасалды. Операциядан кейін ол палатада болды. 23-і күні таңертең сағат алтыдан кете қашып кеткен, қасында күзет болды.

Бас дәрігердің айтуынша, күдікті аурухананың екінші қабатындағы палаталардың бірінде жатқан. Қарауыл жасағы күзеткен тұтқынның қалай шығып кеткені белгісіз. Полицияның ақпараты бойынша, күдікті азаматтық жұбайын өлтіруге оқталғаны үшін қамауға алынған. Енді қашқынның үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды. 
 
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Аталған дерек бойынша Ақтөбе облысының полиция департаменті ҚР Қылмыстық Кодексінің 426-шы, «Бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қызметтік тексеру жүргізуде.

Г. Сейтенова