Атырауда 9 жастағы бала суға кетіп, көз жұмды. Үйінен ойнауға шыққан үнділік Еппили Сайалидің денесін сүңгуірлер каналдан бір тәуліктен соң ғана алып шықты. Жасөспірім Қазақстанда уақытша тұрып, осында білім алып жатқан көрінеді. Анасы екі ұлын есік алдына ойнауға жіберген. Інісі көп ұзамай, үйіне оралыпты. Ал үлкен ұлы кешіккен соң, өз беттерінше іздеген. Нәтиже болмаған соң полицияға хабарлапты. Баланы іздеуге құқық қорғаушылар мен құтқарушылардан бөлек еріктілер жұмылдырылды. Бейнебақылау камерасынан баланың Перетаска каналына бағыт алғанын байқаған соң, сүңгуірлер су астына түсті.
КУӘГЕР:
Әй бала, нағып жүрсің мұз асты жұқа ғой. Шық бері қарай шық дедім. Мұзды аяғымен ойғылап тұр екен. Құлап кетесің, шық деп. Қасында ешкім болған жоқ, бір өзі жүрген. Мен қарап тұрып едім, келеді деді ме, бала көтеріліп бері қарай жүргесін, мен кетіп қалдым.
Асқат ЕРЖАНОВ. АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Перетаска каналынан су құбыры өтіп жатыр. Судың қысымымен канал ортасы қыста қатпайды. Сүңгуірлер 4 рет су астына түсіп, сағат кешкі 7 шамасында баланың денесін алып шықты. 2019 жылы да екі бала осы аумақта суға кеткен еді. Канал Атырау мұнай өңдеу зауытына арналған. егер бұл канал керек болса, қоршап, ескерту белгілерін қою керек. Атқарушы органға мәселені көтеретін боламыз.
Қайғылы оқиғадан кейін де Перетаска каналы маңына әлі белгі қойылмаған. Айта кетейік, өңірде қыс қатты болмайды. Сондықтан мұз қалыңдығы 10-15 сантиметрден аспайды. Бұл адам өміріне өте қауіпті,- дейді төтеншеліктер. Тек соңғы 3 жылда 68 адам суға кеткен. Оның 20-сы бала.
Б. Надірқызы