Тараз қаласындағы қоқыс полигоны қоршаудан асып, қоршаған ортаға кесірін тигізіп жатыр. Әсіресе жақын маңдағы ауыл тұрғындары қатты қиналуда. "Өрістегі төрт түлігіміз қалдықтарды жеп жүр" дейді. Жайылымдық жер полиэтилен пакетке толып кеткен. Қоқыс егістік алқаптарында да шашылып жатыр. Тақырыпты Тараздағы тілшіміз Берік Жұмабай тарқатады.
Қаланың қалдықтарын төгетін бұл полигон шаһардың батыс бөлігінде орналасқан. Табиғи ресурстар басқармасы мамандары 30 гектар аумақта, 3 млн тонна қоқыс жатыр дейді. Полигонға екі шақырым жердегі ауыл халқының жағдайы тіпті мүшкіл. Күн жылыса жағымсыз иістен ауылға жан жуымайтынын айтады. Ал, өріске жіберген малы белгісіз жайттан өліп қалатын жағдайға жеткен.
Қайрат ДӘУРЕНБЕКОВ, ҚОСТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қоқыстан шыққан салафандар біздің ауылға дейін жайылып жатады. Жаздыгүні қар сияқты болады. Аппақ болып шөптің басында тұрады. Талай малды базарға апарып сойып жатырмыз. Ішінен кленкалар, қатпарланған қара салафан мен сары пакеттер шығып жатыр.
Манап РАХМАНБЕРДІ, ҚОСТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ит пен құстың бәрі осы жақтан келеді. Өліксенің де иісі келеді иттің де иісі келеді. Қонақ күтуден қалдық. Келеді. Далаға шықпайды. Ыңғайсыз ғой.
Мұндағы талапқа сәйкес, жүк көліктері қоқыс алаңынан шығарда дизинфекциялық туннельден өтуі тиіс. Алайда, тазалау туннелі жұмыс істемейді. жауаптылар қоқыс полигонын жабуға, я қоқысты сұрыптауға қауқарсыз. Тығырықтан шығар жол - қайта өңдейтін зауыт салу. Бірақ, оған жөнді инвестор тартуға қала әкімдігі құлықсыз. Осыдан екі жыл бұрын зауыт салу жоспарланған. Бірақ кейін комиссия шешімін өзгертіпті.
Нағима ТЕМІРБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАРДЫ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Коммисия мүшелерінің шешімімен Тараз қаласынан шығатын қалдықтар аз болуына байланысты. Тарифтері төмен болғандықтан, және инфрақұрылымымыз дамымағандықтан қоқыс жағатын зауыттың қажеттілігі жоқ деп қорытынды берілген.
Қазірдің өзінде қаладан жылына 50 мың тонна қоқыс шығады екен. Ал аталған зауытты салу үшін бұл көлем 100 мың тоннаға жету керек дейді әкімдіктегілдер. Дейтұрғанмен шаһардағы халық саны өсіп келеді. Атқамінерлер қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт мәселесін шешпесе, көне қаланы қоқыстан арылту мұңға айналатын түрі бар.
Б. Жұмабайұлы