$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Президент Қ.Тоқаев «Орталық Азия – Үндістан» саммитіне қатысты

AstanaTV
27.01.2022ж. 20:00
1138
Президент Қ.Тоқаев «Орталық Азия – Үндістан» саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Орталық Азия – Үндістан» саммитіне қатысты.  Алқалы жиын онлайн форматта өтті. Көшбасшылар Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтудың және кеңейтудің перспективаларын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан мен Орталық Азия елдеріне өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды.   Сондай-ақ,   Мемлекет басшысы әлемдік тренд немесе үрдіс экономиканы цифрландыру болып қала беретінін айтты. Жасанды интеллект,  интернет-заттар, онлайн-коммерция және киберқауіпсіздік сияқты салаларды дамыту сұранысқа ие болып отыр деді ол.  Осы орайда өзара тиімді ынтымақтастық үшін елге үндістандық компанияларды шақырды.  Сонымен қатар, Тоқаев Әлемде негізгі азық-түлік бағасының тұрақты түрде өсу тенденциясы байқалатынын сөз етті. Осы ретте ол Үндістан мен Орталық Азия басшыларына ауыл шаруашылығы министрлерінің кеңесін өткізуді ұсынды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы уақытта мұндай факторлардың агросекторға қысымы айтарлықтай байқалды. Сондықтан біздің диалогымыздың аясында агротехнологиялық және ғылыми-инновациялық өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі іс-шаралар әзірлеу жақсы болар еді. Ауыл шаруашылығы министрлерінің тұрақты кеңесін өткізу де пайдалы болмақ.

Қазақстан Президенті Үндістанның сауда-экономикалық платформасын құру бастамасын қолдады. Еліміз Үндістан экспортын кеңейту мүмкіндігін қарауға дайын екенін айтты.  Мұнан өзге Қазақстан  тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, денсаулық сақтау, фармацевтика секторы сынды келешегі бар салалар инвестиция тартуға мүдделі деді. Президенттің айтуынша, Үндістан мен Орталық Азия елдері арасында тауар айналымы 3 млрд долларға жеткен. Бұл ретте сауда-саттықтағы Қазақстанның негізгі үлесі 80 пайыз.

Д. Жарқынбек