Конституция талаптарынан аттамаймын. Ата заңға сәйкес екі мерзімнен артық Президент болмаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналардың біріне берген сұхбатында осыны шегелеп берді. Сонымен бірге, елге ауыр зардабын тигізген "қаралы қаңтар" оқиғасына қатысты деректермен бөлісті. Мемлекет басшысының айтуынша, содырлар Орталық Азия елдерінен үлкен дайындықпен келген. Ылаң салғандар Алматыдағы ең қымбат қонақ үйге жайғасқандығы да анықталыпты. Ал жаппай тәртіпсіздік кезінде көмектескен Ресей Президенті Владимир Путин әскери көмек бергені үшін ешқандай "ақы" талап етпеді, дейді. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.
Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "қаңтар" оқиғасынан кейінгі алғашқы сұқбаты. 50 минутқа созылған әңгіме барысында Президент халықты толғандырып жүрген ең өзекті сұрақтарға жауап берді. Соның бірі - бейбіт митингпен басталып арты қанды қақтығысқа ұласқан "қаралы қаңтар". Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүлікке 20 мың лаңкес қатысқан. Ол қайдан шыққан сан екенін, Президент былай түсіндірді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біріншіден, Алматыда бандиттердің тәртіпсіздігі бір сағат қана болған жоқ. Полиция қызметкерлері департамент ғимаратын қорғап, екі күн соққыларына төтеп берді. Екіншіден, олардың саны әлдеқайда көп болды. Үшіншіден, олар Алматыға 3 бағыттан келді. Бандиттер блок бекеттерді бұзды. Сондықтан тәртіп сақшылары орнын ауыстырып, алаңда қару-жарақсыз бой көрсетті. Бандиттер аз болды деу дұрыс емес. Олар алдын ала жасалған жоспары бойынша, бірнеше толқынмен әрекет еткен.
Президент бірнеше фактілермен бөлісті. Оның бірі лаңкестердің мегаполистегі ең қымбат қонақ үйде тұрғанын айтты. Оларға кімнің қаржылай көмек көрсеткені беймәлім. Басты мақсаты - билікті басып алу болған дейді. Шабуыл кезінде содырлар полицияның әрекет ету нұсқаулығына да әбден машықтанған, деп отыр.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Президент резиденциясына шабуыл кезінде полицейлердің киімін, оған қоса әйелдерді де пайдаланды. Тергеу амалдары көрсеткендей содырлар шабуыл кезінде есірткі қабылдаған. Соның арқасында денесінің ауырғанын сезбеген. Мұның барлығы операцияның мұқият дайындалғанын көрсетеді.
Қоғамды кең талқылауға түскен тағы бір мәселе - ескертусіз оқ ату. Мемлекет басшысы бұл мәселені де жіті түсіндіріп берді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сол сәтте құқық қорғаушылар тарапынан ешқандай бастама болмады. Бұл нағыз соғыс болды, сондықтан жауапкершілікті алу керек еді. Біздің заңымыз сондай. Жаңаөзендегі оқиғадан кейін біздің заңдар құқық қорғаушыларды қару қолдану тұрғысында тежеп тастады. Сондықтан көпшіліктің алдына шығып мәлімдеме жасамас бұрын қарулы бандиттерге қатысты біз қару қолдану керекпіз деп айтқан едім. Жауапкершілікті мен өз мойныма алдым. Мұндай жағдайда Мемлекет басшысы жауапкершілікті өз мойнына алу керек деп санаймын.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан келген әскерилердің жайы да сөз болды. Президенттің айтуынша, бітімгершілік күштер бірде-бір оқ атқан жоқ. Келісім бойынша олар тек стратегиялық нысандарды қорғауға ғана жұмылдырылды. Ал, бәз-бәреулер айтып жүргендей ұйымға мүше елдер алдында "қарыздар болып қалдық" деген бос әңгіме деп түйді. Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге ел ішінде орын алып жатқан кадрлық ауыс-түйіске қатысты, сын-ескертпегендер де жауап берді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Министрлер кабинетінің бүкіл құрамын қоғам қажеттілігі үшін өзгерту менің әдісім емес. Содан кейін орындықтың қысқа екенін түсіну керек. Бізге лайықты министрлерді іздеу керек, оған көшеден адамдар алмаймыз ғой. Сол үшін кадрлармен өте мұқият болуымыз керек, бірақ бұл олардың орнын сақтау керек дегенді білдірмейді.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта Парламент пен партиядағы жүйеге де өзгеріс енгізу туралы ойымен бөлісті. Алматының болашағы туралы да сөз қозғады.
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:
Мемлекет басшысы сұхбат кезінде ата заңды аттап өтпей, екі мерзімнен артық елді басқармаймын, деді. Жаппай тәртіпсіздікке келер болсақ, қазір қателіктер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қанды қырғынның ақиқатын білу маңызды. Әр іс бойынша, мықты мамандар тартылған. Сондықтан құзырлылар тарапынан әлімжеттікке жол берілмеуі мен үшін де маңызды деп түйіндеді.
А. Данияр