Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Тұрмыстық зомбылық көрсеткен әкелер не дейді?

AstanaTV
31.01.2022ж. 20:00
2282
Тұрмыстық зомбылық көрсеткен әкелер не дейді?

Елімізде әрбір сегізінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Бірақ соның 40 пайызы ғана құзырлылардан көмек сұрайтын көрінеді. Отбасын ойрандап түрмеге түскендермен қандай жұмыс жүргізіледі? Қоғамда белең алған мәселені шешудің жолы бар ма? Сауалдарға жауап іздеген әріптесім Әсел Дүкембаеваның репортажы.

Күйеуінен оңбай таяқ жеген елордалық Шахноза, жанына жара салған адам жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. Ол жанайқайын әлеуметтік желіде жариялаған. Айтуынша, жанжал көбіне қызғаныштан туған. Соңғысы шектен шықты дейді. Көшеде ұрып-соғып, тіпті үстімдегі киімімді жыртты деп отыр. Қасақана жасаған бұл әрекеті үшін Заң алдында жауап берудің орнына күйеуінің бостандықта сайрандап жүргенін түсінбей дал.
 
Елімізде 2020 жылғы көрсеткіш бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 79 мыңға жуық адам заң органдарына жүгінген.  Көрсеткіштердің санына қарасақ жаға ұстатарлық. Жыл өткен сайын отбасындағы кикілжіңге шағымданушылар көбейіп келеді.

Еліміздегі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша түскен шағымдар саны:

2018 ж. - 64 852
2019 ж. - 73 541
2020 ж. -78 832  


Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың саны да өсіп отыр:

2019 ж. - 869
2020 ж. - 1138
2021 ж. - 3 615


Елордалық полиция департаменті қазір тергеу абақтысында осы отбасылық зорлық-зомбылық бойынша отырғандармен түсіндірме жұмыстарын бастады. Көріп отырғанымыздай мұндағылардың барлығы бір-бір үйдің отағасы. Мамандарды алаңдатып отырғаны да сол, ол отбасылық жанжал соңы өліммен аяқталып жататыны.

Гүлмира ШРАХМЕТОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД ӘЙЕЛДЕРДІ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ҚОРҒАУ ТОБЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Былтырғы жылы өзінде 3 өлім тіркелді. Оның екеуінде бұрын соңды полицияға хабарласпаған. Әйелдер жылдар бойы айтпай сақтап жүре берген.

Уақытша оқшаулау изоляторында отырғандардың көпшілігі әйелін соққының астына алғандар. Дегенмен, олар кінәні өзінен емес, әйелге танудан жаңылар емес.    

Абақтыдағы түсіндірме жұмыстарына арнайы келген әкелер қоғамдық бірлестігі төрағасы Мақсұтбек Айтмағамбет болса, отбасының құндылығын сөз етті. Әйел мен ер адамның рөлін түсіндіріп, әкелермен сұхбаттасты.  

Мақсұтбек АЙТМАҒАМБЕТ, «ӘКЕЛЕР ОДАҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

4 бала болсын, 2 бала, 1 бала болсын. Кез-келген жағдайда балаларды ойлау керекпіз.  Ертең бала өспей ма? Өседі. Ертең әке деп айтама, айтат. Ертең үйленбей ма, үйленеді. Бізге бәрі оңай секілді көрінеді. Олай емес. Ұрдың кеттің емес. Әкенің рөлін түсіну керекпіз. Әке деген кейс емес, банкомат емес, әке қорғаныш болу керек.

Дегенмен темір тордың ар жағында отырған әкелер жасаған әрекетіне байланысты бірнеше күннен соң қамаудан босап шығады. Тіпті екінші рет түсетіндері де бар көрінеді. Мамандар ақылға емес білектің күшіне салғандарды жөнге салатын Заңның осалдығында мойындайды.

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Бұған дейін қоғам дертіне айналған бұл мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта көтерген еді. Өзінің твиттер парақшасында "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасының қоғамдағы қызу талқыға түскенін заңды құбылыс деп бағалаған.  Басты міндет әйелдер мен балалар құқығын қорғау деген еді.


Полиция департаментінің баспасөз қызметінің дерегінше, Шахнозаның ісі бойынша қылмыстық іс қозғалып,  тергеу басталыпты.   Сараптамалар тағайындалған. Істің немен аяқталары уақыттың еншісінде.

Ә. Дүкембаева