"Әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңірі шыққан» кедей болуың керек!". Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осылай дейді. Оның айтуынша, елімізде бір айда, қаңтарда 1 млн-ға жуық адам әлеуметтік көмек алған. "Қазақстанның кедейлік шегі әлемдегі ең төменгі деңгейдің бірі" деді депутат. Әлеуметтік мәселені қалай шешуге болады? Әлемнің алпауыт елдерінде жағдай қалай, олар кедейшілікпен қалай күресуде? Толығырақ тілшіміз Әсел Дүкембаева тарқатады.
Ерлан Саировтың айтуынша, былтыр табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны 1 миллионға жеткен. Халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды дейді. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары болады.
Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN " ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар - ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Бұл ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы». Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңірі шыққан» кедей болуың керек! Осы тавталогияның нәтижесінде, 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 990 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
Кедейшілік деңгейінің ең жоғары көрсеткіші Түркістан (12,8 пайыз), Солтүстік Қазақстан (7,4 пайыз), Жамбыл (6,9 пайыз), Қызылорда (6,9 пайыз) және Ақмола (6,7 пайыз) облыстарында тіркелген. Бұл бес өңірде табысы төмен халық саны -481,8 мың.
Мәселе өзекті. Әлеуметтанушылар да дабыл қағуда. Жалпы кез -келген елде кедей-кепшік болады, оның өзіндік себебі бар дейді.
Рамазан САЛЫҚЖАНОВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:
Біздің елдегі әлеуметтік құрылымның бір ерекшелігі, ол мына кедей тап, төменгі таптың тым көп болуы. Төменгі тап кедейлердің саны жылдан-жылға асып келе жатыр, ол негізгі жұмыспен қамтылмаған, екіншіден бала туу көрсеткіші әрқашанда жоғары болады. Нәтижесінде кісі басына шаққанда төменгі тап саны жылдан жылға өсіп жатыр.
Әлемдегі алпауыт елдерде жағдай мәз емес. Еуропа мен АҚШ-та кедейлік басым болып тұр. Ал Америкада кедейліктің алдын алу үшін, мерзімі өтіп кеткен азық-түлік кедейлерге таратылады. Жарамдылық уақыты өткендіктен, олардың бағасы бүлінбеген тауарларға қосылады. Демек, баға көтеріледі.
Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:
Ал мамандардың айтуынша, біздің елде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тамақ өнімдері пайдалану үшін қауіпті деп танылған. Сондықтан оларды жою қажет. Бірақ елімізде қалдықтарды өндейтін кәсіпорын жоқтың қасы. Тек қоқыс өңдейтін емес, жалпы өндіріс орындарын елде көбейту керек дейді сарапшылар. Сонда жұмыссыздар азаяды, отбасылардың тұрақты табысы болады.
Ә. Дүкембаева