$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодар облысында 5 ауылдың жайылым жерін аукционға қойған кім?

AstanaTV
02.02.2022ж. 20:00
2449
Павлодар облысында 5 ауылдың жайылым жерін аукционға қойған кім?

Павлодар облысының шенділері 5 бірдей ауылдың жайылым жерін аукционға шығарған. Тіпті аудандық газет бетіне конкурс жариялап, құжаттар қабылдауды бастап кеткен. Бұған қараша өре түрегелді. Олар арнамыздан араша сұрайды. Бұқараның мұң мұқтажын әріптесім Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.

Бұл - Ақтоғай ауданына қарасты 5 ауылдың тұрғындары. Жайылым жер аукционға шыққанын жергілікті газеттен оқып, халық әкімдіктің алдына жиналды.

Мейрам МЕРҒАЛЫМҰЛЫ, МҮТКЕНОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы жерден 3 елді-мекеннің жағдайы мүшкіл болып отыр. Бір ауыл мүлдем жоқ болып кетті қазір. Тортай деген ауыл бүгінгі таңда бір үйі жоқ. Жоламанда 15 шақты үй қалды. Оның өзінде ешқайсысы жұмыспен қамтамасыз етілген емес. Бізге қарасты Әбжан деген ауылда зиратқа баратын жолдың өзін жауып тастады.

Жолдыбай ТӨРЕТАЙҰЛЫ, МҮТКЕНОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ол жерден айырылатын болсақ, біздің өзі күнде қалмайды. Елдің 70-80 проценты жұмыссыз. Өзі малмен ғана күн көріп отыр.

Бұған дейін де аймақ халқының аузы әбден күйген. Енді 5 бірдей ауылдың жайылымын жерін өліспей беріспейміз - деп отыр. Өйткені, жекенің қолына өткен жердің бәрі егінге айналған.

Тоқтағұл БЕЙСЕНОВ, ЕСТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ақтоғайдан бастап жол бойын түгел қуалап келеді. Қай жерде жақын жер, қай жерде аз қаржы жұмсайды. Соның барлығын өзіне қыстырып алып келе жатыр. Енді жолдың шетіндегі тиіп тұрған жерді бізден тартып алмақ ойы бар. Енді сонда біз қайда барып күн көреміз.


Жайылым жердің жекеге өтуіне тіпті ауыл әкімі де қарсы. Бірақ, аудан басшыларына қауқары жоқ екенін мойындайды.

Ерік ТӨЛЕКОВ, МҮТКЕНОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Бұл халыққа малдарыңды сатып кет дегенмен бірдей сөз. Себебі, дәл сол жерде шаруаның малы Жаңатап, Жаңабет, Естай, Мүткенов ауылының бүкіл малы жайылып отырған жер негізі. Егер бұл жер болмаса мал жайылатын жер жоқ деген сөз.

Ал халықпен кездесуге аудан әкімі келмеді.  Оны ауырып қалды деген орынбасары мәселенің мән-жайын былай түсіндірді.

Ермек МАШРЫҚОВ, АҚТОҒАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-Мына жағдайды көре тұра Қаршыға Залмұхановичпен телефонмен сөйлестік. Ақылдастық. Лоттан снимает етеміз. Конкурс болмайды. Жер қалады солай.

- Уррааа  


Шенеуніктің сөзіне сенген, халық дән риза. Айта кетерлігі, бұған дейін осы аудан тұрғындары жеріміз сатылғалы жатыр - деп бұған дейін де араша сұраған болатын. Ол кезде де мәселе оң шешімін тапқан еді.

Ө. Қуанар