Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Маңғыстау облысында газ бағасы қымбаттады

AstanaTV
23.06.2016ж. 20:00
1885
Маңғыстау облысында газ бағасы қымбаттады

Маңғыстаудағы Қазақ газ өңдеу зауыты өңірдің көгілдір отынға деген сұранысты жаба алмай отыр. Зауыттың қажетті өндіріске шығуы үшін қайта жаңғырту қажет. Ал күрделі жөндеу жүргізуге зауыттың артық ақшасы жоқ. Тіпті соңғы уақытта кәсіпорын шығынға батып жұмыс істеп келген көрінеді. Зауыттың жанайқайын жан-жақты зерттеген Ұлттық экономика министрлігі кәсіпорыннан шығатын сұйытылған газ бағасын қымбататты. Енді көлік жүргізушілер газды қаншаға сатып алады? Азамат Алдоңғаров тарқатады.

Қазақ газ өндіру зауыты Маңғыстау облысын сұйытылған газбен қамтып отырған жалғыз кәсіпорын. Өңір елімізде көгілдір отын тұтыну бойынша да көш бастап тұр. Облыста 180 мың көлік тіркелсе, соның 70 пайызға жуығы газ тұтынады. Арзан отынға көшкен жүргізушілер санының күрт артуына байланысты ішкі сұранысы да 6,5 мың тоннадан 12 мың тоннаға дейін артқан. Бұл зауыт өндірісінің 90 пайызы. Ал кәсіпорынның өзі сол тапшы отынды шығынға батып өнідіріп келген. Газдың өзіндік құны литріне 15 теңгеге шыққанымен, көтерме саудада ол 6 теңгеден сатылыпты. Бір жылдың ішінде зауыт 7 млрд теңге шығынға батқан.

Кәрім Нағманов, «ҚазГӨЗ» ЖШС директоры:

Зауыт сүт сапырып, қаймақ өндіріп отырған жоқ. Өндіріс өте қауіпті. Механизмдер үнемі қозғалыста, тез тозады. Тозған мехнанизмді уақытылы жөндеп, немесе ауыстырып отыру керек.

Зауыт басшылығының тарифтерді көтеру туралы өтініші үкімет деңгейінде әбден зерттеліпті. Шенеуніктер шешім қабылдағанша, шығын да артқан. Бұл оқиғада жалғыз жеке кәсіпкерлердің есебі түгел. Зауыттан 6 теңгеден босатылған газ, стансаларда 27 теңгеден сатылған. Бұдан былай тәбеті зор жекелер зауыттан отынды 17 теңгеден алады. Тиісінше қарапайым тұтынушыға да ол басқа бағамен жетпек.

Бекқали Жұбанов, Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы жетекшісінің орынбасары:

Маңғыстау облысын газ құю бекеттерінің бағасы ең төмен. Мысалы Ақмола облысын алатын болсақ, ол жақта литріне шаққанда баға 48 теңге, Қарағанды, Солтүстік облыстарда ол баға 50 теңге.+біз бағаны көтердік деп айтқанмен бұл бізге тұрақты, себебі алдыңғы жылы бқл баға 35 теңгеден болған. Биыл сол бағаға қайтадан келдік.

Зауыт әкімшілігі бекітілген бағамен кәсіпорын табысқа шығып, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік туады дейді. Нәтижесінде ішкі нарықтағы тапшылық жойылады. Бағамен қатар, арзан отынды сыртқа сатып, пайда табатын пысықайларға да жаза қатаңдатылмақ.

Бақытжан Бекмұратов, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті департаментінің жетекшісі м.а.:

Маңғыстау облысында бекітілген тарифтерді ұстанбаған шағын және орта бизнес субъектілеріне Әкімшілік кодекстің 159 бабына сәйкес 250 айылық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 

Ал баға «құбылтқан» ірі бизнес өкілдерінің айппұлы 1 мың көрсеткішке дейін жетеді. Ұлттық экономика министрі бүгін бекітілген баға 180 күн тұрақты қадағаланады деп мәлімдеді. Ал жарты жылдан соң баға қайта қаралмақ.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ