$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда лаңкестік қауіптің «қызғылт сары» деңгейі алынып тасталды

AstanaTV
07.02.2022ж. 20:00
1505
Алматыда лаңкестік қауіптің «қызғылт сары» деңгейі алынып тасталды

Алматыда террористік қауіптің «қызғылт сары» деңгейі алынып тасталды.  Дегенмен бұл, босаңсуға болады деген сөз емес.  Арнайы және құқық қорғау органдары қызметінің мамандары әлі де күшейтілген режимде жұмыс істеуді жалғастырады. Бүгін мегаполисте  «Қару» операциясы басталды.    Алматыдағы ахуал туралы  әріптесім Әсем Лесбек айтады.

Қаңтар оқиғасы кезінде полицейлер, әскерилер мен жедел-жәрдем қызметкерлері, өрт сөндірушілер зардап  шекті. Мына кадрлерден лаңкестердің өрт сөндіру көлігіне қалай шабуыл жасағанын көруге болады. Біреуі техниканың терезесін сындырып жатса, екіншісі белгісіз затты  жарып жібереді.
 
Мейірбек КРАТОВ, АЛМАТЫ қ. №9 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Төрт қызметкер жарақат алды бізде. Тоғызыншы өрт сөндіру бөлімі бойынша үш өрт сөндіру көлігін бізден тартып алып өртеп жіберді. Екі өрт сөндіру көлігі жаңа, үшіншісін мүлдем жүрмеген.
 
Мамандар қырғын кезінде   ғимараттардағы өртті  сөндіруге тырысқан. Бірақ көп жағдайда бұзақылар таспен атқылап, жүруге мүмкіндік бермеді дейді. Қазір іші-сырты жалын шарпыған қаладағы кей нысандар қалыпқа келтіріліп жатыр. Ахуал тұрақтанған. Полиция Департаменті қонақ үйлердің бірінен қылмысқа қатысы бар деген күдіктілерді ұстады.  

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қонақүйлердің бірінде 1-айдай уақыт бойы тұрып жатқан үш адам құрықталған болатын. Ол үшеуін тінту барысында 22 ұрланған ұялы телефон, суық қарулар және есірткі заттар тәркіленді. Қонақүйдің қызметкерлерінің сөзіне сүйенетін болсақ ол азаматтар қаңтардағы оқиғадан кейін жалдап алып сол жерде тұрып жүрген.
 
30 бен 40 жас аралығындағы күдіктілердің іс әрекеті қылмыстық кодекстің 287 бабы бойынша тергелмек. Кінәлі екені дәлелденсе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Қалада лаңкестік қауіптің «қызғылт сары» деңгейі алынып тасталды. Бірақ бүгін   заңсыз қаруды тәркілеуге арналған операция басталды. Мұндай жұмыстар қылмыстық ахуалды жақсартуға оң әсерін  береді дейді құқық қоғау қызметкерлері.  

Ә. Лесбек