Солтүстік Қазақстан облысында туындаған жер дауы әлі шешілер емес. Ақжар ауданындағы 620 гектар жер үшін екі шаруашылық соттасып жатыр. Тәжірибелі диқан Жеңіс Садуевтың айтуынша, ол аудандық әкімдіктен 2015 жылы аталған телімді жалға алған. Тыңайтылмаған жерді өңдеп, бірнеше жыл бойы топырақтың құнарлығын арттыруға тырысқан. Алайда, 2017 жылы бұл аумақтың басқа иесі пайда болыпты. Жаңа қожайын оны аукцион арқылы сатып алғанын мәлімдеген. Содан бері тараптар соттасып жүр, бір ымыраға келе алар емес.
Жеңіс САДУЕВ, «ЖАНБОТА» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ:
2015 жылы мен ол жерді жалға алған кезде топырақтың банитет балы отызға әзер жетіп тұрды. Мен ол жерді өңдеу үшін қаншама қаражат құйдым. 10 миллион теңге көлемінде техниканы лизингке алдым. Қарызды, шығынды кім қайтарады? Бөтен біреудің ағаттығы үшін мен неге жауап беруім тиіс?
Жер қатынастары бөлімі басшысының айтуынша, бұл мәселе 2009 жылы басталған. Сол кезде «Жанәділ» шаруашылығы осы аумақты мемлекеттен жалға алып, оны банкке кепілдікке қойған. Ал 2014 жылы жерді қайтадан әкімдікке тапсырған. Бірақ, борышын өтемеген көрінеді. Шенеуніктер мұның барлығы бастан-аяқ тексерілмей, қабылданғанын мойындап отыр.
Ренат ӘБІЛДИН, СҚО АҚЖАР АУДАНЫ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
"Жанәділ" шаруашылығы бізге жерді қайтарған кезде ол жер кепілдікте тұрыпты. Шаруашылық басшысы бізді ескертпеген. Сол кезде жұмыс істеген мамандар да бұны тексермеген болар. Кейін дәл сол жерді басқа шаруашылыққа жалға берген. Сондықтан 2017 жылы сот жер қатынастары бөлімінің ісін заңсыз деп тапты. Мен өзім жұмысқа 2019 жылы орналастым.
Арнамыздың тілшілері жерді аукцион арқылы сатып алған «Кең дала 2019» компаниясымен сан мәрте тілдесуге тырысты. Бірақ, жауап ала алмады. Ал бірнеше жылдан бері соттан көз ашпай отырған «Жанбота» серіктестігі оңай берілер емес. Олар істі аппеляцияға беріп әділдік іздеуде. Келесі сот процесі ақпанның 22-не белгіленген.
А. Құрманкин