$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Батыс Қазақстан облысында жол апаты неге жиілеп тұр?

AstanaTV
11.02.2022ж. 20:00
1838
Батыс Қазақстан облысында жол апаты неге жиілеп тұр?

Батыс Қазақстан облысында  жол апатынан бір айда 17 адам көз жұмған. Полиция жол көлік оқиғасының жиілеуіне желөкпе жүргізушілерді кінәласа, жолаушылар мұны жолдың қардан  тазаланбауынан көреді. Ал жол тазалығына жауапты мекемелерді салғырттығы үшін жазалап, тәубесіне түсіру әзір мүмкін болмай отыр. Неге? Оны өңірдегі тілшіміз Еркін Карин айтады.

Орал мен Атырауды жалғайтын тас жолдағы апат әсіресе қыста жиілейді. Полиция дерегінше, жыл басынан бері 17 адам мерт болып, 27 жолаушы жарақат алған. Жақында жүк көлігіне соғылған жеңіл мәшинедегі бес адам тірілей өртеніп кетті. Тәртіп сақшылары бұл  жол қозғалысы ережелерінің сақталмауынан дейді.

Ернар СҰЛТАНҒАЛИЕВ, БҚО ПД ЖПҚ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Жол-көлік апаттарының себебі – бізде жылдамдықты асыру. Былтыр біздің облысымызда 319 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 59-ы жылдамдық асыру факторы бойынша және маневр қағидаларын бұзудың 76 фактісі тіркелді. Басып озу қағидаларын бұзудан 22 жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Ал жолаушылар бұған жолды уақытылы тазаламайтын мердігерлерді кінәлайды. Өйткені көлік ағылған күре жолдың қары қыста бірден күрелмесе, айнадай асфальттың жылтыраған мұзға айналуы әп-сәтте. Мұндай көктайғақта   мықты деген көліктің өзі сыр бермеуі екіталай, дейді жүргізушілер.

Еділ БЕКЕСОВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Жүргізуші көлікке ие бола алмай қалып, қарсы бетке шығып кетті дейді. Осы жеріне мен өзім түсініңкіремеймін. Қалай ол рөлге ие бола алмай қалады? Машина тайғаннан кейін, әрине тайғанақ болған соң, мәшине өзі бір жағына алып кетеді. Сол кезде ол ие бола алмай қалады. Оны айтпайды, тек қана шопырды кінәлі жасауға бұлар солай икемделген.

Негізінде республикалық маңызы бар трасса төрт сағатта, облыс жолдары қар жауғаннан кейін алты сағаттың ішінде тазалануы тиіс. Бірақ мердігерлер осы талапты орындамайды. Ол техниканың тапшылығынан дейді.

Ғани БЕКЕНОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:
 
Өзіміздің техникамызбен үлгіре алмаймыз. Біздер мына жекелерден арендовать етіп отырмыз. Техника болғасын, бір күні бірдеме болып қалады. Сосын резервте ұстаймыз қай-қайсын да.


Жол тазалығына жауапты мердігерлерді жазалау оңай емес. Өйткені бюджеттен миллиондап қаржы алатын оларға салынар айыппұл тиын-тебен ғана дейді құзырлылар.

Айдар МЕҢЕЕВ, БҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Былтыр 13 миллион сумма болды. Содан күніне 13 мың теңгеден біздер оларға штраф саламыз. Енді бұл шарттың несі ғой... Бұл – типовой договор! Егер осы мына қыста көңілі толмай, халықтан арыз көбейіп, жұмыстарын дұрыс атқармаса, ол компаниямен біз міндетті түрде шартты бұзамыз.

 
Өз ісіне салғырт қараған компанияларға полиция 11 хаттама толтырып, 300 мың теңге  айыппұл салған. Адам өліміне жол берген тағы бір мердігердің үстінен қылмыстық іс  қозғалған. Бірақ мемлекетті сауын сиырға айналдырған кәсіпкерлер өз міндетін орындауға әзірге асығар емес.
 
Е. Карин