$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағандылықтар күл үйіндісінің құрылысын бастаған серіктестікті сотқа бермек

AstanaTV
15.02.2022ж. 20:00
2360
Қарағандылықтар күл үйіндісінің құрылысын бастаған серіктестікті сотқа бермек

Қарағандылықтар күл үйіндісінің құрылысын тоқтатуды талап етуде. Үйлердің іргесіне салына бастаған қоқыс жинағыштан шыққан шаңнан жұрт тыныс алудан қалдық дейді. Мәселені ушыққаны сонша, жергілікті бұқара әкімдікке келіп мәселені төтеден қойды. Олар талапқа құлақ аспағандарды сотқа беруге бекініп отыр.

Курьяновский ықшам ауданының тұрғындары жылу электр станциясына жақын тұрады. Олар 30 жыл бойы ыстық күлдің шаңынан көз ашпағандарын айтады. Өйткені бұл маңда күл үйіндісі бұрыннан бар. Жазда ол толып кеткен соң, енді жаңасының құрылысы басталған. Бұқара тынысымыз тарылады деп отыр. Бұл маңда шамамен 500 үй бар.

Нұрлан ЫСҚАҚОВ, КУРЬЯНОВСКИЙ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазақстан жері көп. Басқа ешкім тұрмайтын жерге салсын. Бұрынғы золоотвал бізден 3 шақырым жерде. Бірақ одан шаң келеді. Енді қазір салатын золоотвалдары біздің кенттің қасында 300 метр ғана.

Кристина Наумкина мүгедек баласының тыныс ауруына жиі шалдығып, онсыз да нашар иммунитеті төмендеп кеткенін айтады. Оның үстіне қоқыс жинағыштың құрылысы басталғалы үйлерге су басу қаупі төнген.

Кристина НАУМКИНА, КУРЬЯНОВСКИЙ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Олар жанымыздағы өзенді аршимыз деп экскаваторлары суға батып кетті. Жұмыскерлері ауруханада жатыр. Біздің үйлерді су алып кетті. Энергоорталық өкілдерінің өзі абдырап қалды. Өзен арнасын бұрғанмен су арнасынан асып тұр. Яғни шаң бір жағынан енді су басуы да мүмкін.

Алайда күл үйіндісінің құрылысын бастаған серіктестік жобаны мемелекеттік мекемелер бекітіп қойғанын айтады. Тіпті құрылысы басталып кеткен. Оны тоқтату тиімсіз деді.

Рүстем БАЙЖАНОВ, «ҚАРАҒАНДЫ ЭНЕРГООРТАЛЫҚ» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Жер бөлінген кезде барлық нормалар сақталған. Жан- жағына ағаштар отырғызу қарастырылған. Тұрғын үйлерге үйінді 650 метр қашықта орналасқан. Жобаны өзгерту үшін бәрін қайтадан бастау керек.  

Тұрғындар өздерімен ешкімнің санаспағанына ашулы. Олар талаптары орындалмаса сотқа жүгінбек.

Мұхамедқали ШӘЙМЕРДЕНОВ, АДВОКАТ:

Экологиялық нормаларды бұза отырып жерді кім берген? Жаңа  ереже бойынша күл үйінділері тұрғын үйлерден 1 шақырым қашықта орналасуы тиіс.Бұған құзыретті тұлғалар жауапты. Істі әкімшілік сотқа тапсырамыз.


Тәуелсіз экологтар күл үйіндісі санитарлық ережелерді сақтамағандықтан қоғамға қауіп төндіретінін ескертеді. Оларды қайда салу емес, қалай ұстау маңызды,- дейді.

Дмитрий КАЛМЫКОВ, ТӘУЕЛСІЗ ЭКОЛОГ:

Еуропада күл үйіндісін кез келген жерде сала береді. Өйткені олардан шаң шықпайды. Ал бізде 3 шақырым қашықта тұрса да шаңы бұрқырап тұрады. Тіпті осы шаңнан көлік жүргізушілерінің көзі көрмей, талай апатқа ұшырады. Осы жағдайды болдырмау керек. Негізі оның технологиясы өте қарапайым, үйіндінің үстіне су құйып отырса болды шаң шығармайды. Су құймаса әрине шаң жан- жаққа ұшады.

Қарағандыдағы жылу орталықтарынан жылына 1 жарым млн тонна күл шығады екен. Экологтар қалдықты құрылысқа пайдалануға кеңес береді.  

А. Қуаш