$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қаңтар оқиғасы бойынша 728 адам тергеу изоляторында отыр

AstanaTV
16.02.2022ж. 20:00
1215
Қаңтар оқиғасы бойынша 728 адам тергеу изоляторында отыр

Қаңтар оқиғасы бойынша 700-ден астам адам тергеу изоляторында отыр.  Бұл туралы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша,  ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдіктілер ғана  қамауға алынған. Сот, жасалған әрекетті, күдіктілердің жеке басын, жасын ескере отырып, тергеу және прокуратураның бастамасымен 270 адамға қоғамнан оқшаулауға байланысты емес бұлтартпау шарасы бойынша үйқамаққа алуға, елден шығуға тыйым салған.    

Жанат ЕШМАҒАМБЕТОВ, ҚР ІІМ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Бүгінде 728 адам жатыр. Олардың бәрі ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Тағылған айыпқа құқықтық баға соттың құзыретіне жатады және ұсынылған дәлелдемелердің, оның ішінде видео жазба, куәлардың айғағы және басқа да материалдар негізінде беріледі.

Жаппай тәртіпсіздікке  байланысты  тергеу изоляторына 250-ден аса адам түрлі  жарақатпен түскен. Оның 30-дан астамы қалалық ауруханаларда ем қабылдаған. Ал қалғандары тергеу изоляторының медициналық ем шара бөлімінде емделген. Комитет төрағасы орынбасарының дерегінше, қазір қамаудағы  1 адам ғана Тараздағы ауруханада ем алып жатыр.

Мейрам АЮБАЕВ, ҚР ІІМ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Біз қамауға алынғандардың туыстарын уайымдамауға және жақындары туралы жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз. Тікелей мекемелерге барыңыз. Ол жерде сіздер ақпаратты медициналық қызметкерлерден ала аласыз. Мекемелерден алшақ жерде тұратын туыстар үшін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде және аумақтық департаменттерде колл-орталықтар жұмыс істейді.

Д. Жарқынбек