Оралда құрылыс компаниясының иесі салық төлемегені үшін сотталды. Ал ол салған көпқабатты үйдің тұрғындары құрылыстың сапасыз екенін айтып дабыл қағуда. Баспанадағы кем-кетікті енді кім жөндейді? Көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға құзырлылардың жауабы қандай? Өңірден-Еркін Карин.
Жаңа үйге алғашқылардың бірі болып қоныстанған Алмагүл Айғалиева қуанышының ұзаққа созылмағанын айтады. Үй сапасы көңілден шықпайды дейді. Алмагүл ғана емес, осында тұратын екі жүз тұрғын да осыны айтып, жауаптылардан көмек сұрап жүр.
Алмагүл АЙҒАЛИЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қыста салқын үй. Терезелерден біздің үй угловой болғасын. Сосын полдары тегіс емес. Енді кемшіліктері өте көп үйдің. Линолеумдары плинтусқа жетпей қайырылып жатыр шеттері. Линолеумнің астының бәрі қисық, стяжка дұрыс құйылмаған. Терезелері дұрыс емес, жарлары жарылып жатыр.
Тұрғындардың айтуынша, тоғыз қабатты үйдің қабырғасы қақырап, іргетасы шөгіп барады. Ал жертөле суға толы. Бұл үйді өз күтіміне алған мекеме басшысы ғимараттың суық болуы жылыту қазандығынан дейді. Сондықтан жертөлеге арнайы насос қойылған. Енді бұл қондырғының шуы тұрғындардың мазасын алып отыр.
Айғаным УТЕЛЯЕВА, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Күзде жан-жақты сараптама жүргізіліп, үйдің апатты жағдайда емес екені анықталды. «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» өкілдері осы үйге ақша бөлінетінін айтты. Осы қаржыға кемшіліктер түзетіліп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір үйді жөндейтін мердігерлер анықталып жатқан көрінеді.
Даулы үйді салған компанияның иесі қазір түрмеде отыр. Бюджетке салық төлегісі келмеген оның екі фирмасы төрт жыл бойы құжаттарды қолдан жасап келген. Кәсіпкердің кесірінен мемлекетке 1,6 миллиард теңгеден астам шығын келгені сотта дәлелденді.
Нұргүл ҚАНАТБАЕВА, БҚО СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Рақымшылық жасау туралы заңның 3-бабы, 4-тармағының 1-тармақшасы негізінде бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жаза жазаның 5/1 бөлігіне яғни, бір жылға қысқартылды. Қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмендетілген қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеумен 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындалды.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Аса ірі мөлшерде салық төлемегені үшін айыпталған кәсіпкердің жазасы бір жылға қысқарғанымен, мемлекетке келген шығын толық өндіріліп алынады. Ал жергілікті билік тұрғындардың талабы жерде қалмайтынын жеткізді. Үйді қайта жөндеу жұмыстары биыл көктемде басталуы тиіс.
Е. Карин