$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодар мен Қарағанды шенділері 17 мың гектардан астам жерді бөлісе алмай жатыр

AstanaTV
16.02.2022ж. 20:00
1015
Павлодар мен Қарағанды шенділері 17 мың гектардан астам жерді бөлісе алмай жатыр

Павлодар мен Қарағанды шенділері 17 мың гектардан астам жерді бөлісе алмай жатыр.  Бір қызығы екі аймақтың да атқамінерлері бұл жерді шаруаларға беріп тастаған. Осының салдарынан жер учаскесінде екі бірдей қожайын пайда болды. Ақыры жер алған фермерлер жапа шегуде. Тіпті, шаруашылық иелері бір-біріне қоққан лоққы көрсетуге басты. Фермерлерді жерге таластырып қою билік өкілдерінің жауапсыздығы ма? Мәселенің мән-жайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар анықтауға тырысты.

Бұқар Нұрлан – Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны. 2013 жылы осы ауылдың жанынан 1400 гектар жер алып, шаруа қожалығын ашқан. Алаңсыз мал бағып келген жеріне осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа қожайын пайда болыпты. Фермер алған жер Қарағанды облысымен шекарада орналасқан.

Бұқар НҰРЛАН, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

2019 жылы менің жерімді алып, Қарағанды облысы Осакоровка ауданының бір шаруашылығы келіп жыртып тастайды. Менің де өз жоспарларым болған. Шетелден мал әкеліп, жайылымыдық жер ғой. Мені де тығырыққа тіреді былай айтқанда.


Бұл ауылда тығырыққа тірелген жалғыз Бұқар ғана емес. Елді-мекен аумағындағы 5 шаруа қожалығы жапа шегіп отыр. Малмен ғана күнтелтіп отырған халық, енді не істерін білмей абдырап қалды.

Естай АҚАРОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

200 Гектар жер жыртқанда органнның адамдарымен келіп, біз сендерді құртамыз ұрамыз деп қоқққан лоққы жасап, сосын айттым. Мен сияқты документтеріңді әкеліңдер деп. Оларда мен осы уақытқа дейін документ көрген жоқпын.

Ал жерге жауапты павлодарлық шенділер, дауға қалған жер телімі Баянауылға тиесілі екенін жеткізді.

Руслан ДӘУІТБАЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде даулы жер Павлодар облысының, соның ішінде Баянауыл ауданының шекарасында деп көрсетілген. Қарағанды облысының шекарасында белгіленбеген. Бұл деректер жер телімінің Павлодар облысына қарасты екенін растайды.


Ал қарағандылық атқамінерлер болса,  павлодарлық әріптестерінің сөзін жоққа шығарды.

Дарын БҰЛҚАЙЫР, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Ал Павлодар облысына берілсін деген қазіргі таңда ешқандай қаулы шешім жоқ. Ол жұмыс картасы бар. Ол жұмыс картасы құзыретті органдармен бекітілмеген. Ол Павлодар облысына кетті деген шешім жоқ болғандықтан, оны ол жақтың жері деп те айтуға болмайды.

Десе де, екі аймақтың шенеуніктері бір шешімге келе алмады. Мұрағат деректерінде бұл жердің нақты қай облысқа қарайтыны анық көрсетілмеген. Бірақ, 1984 жылғы карта даулы жер Павлодар облысының аумағында - деп белгіленіпті. Енді 17 мың гектар аумақтың  қай облысқа қарайтыны сотта қаралмақ.

Ө. Қуанар