$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылордалық ақынның атын жамылып, қайырымдылыққа ақша жинаған

AstanaTV
21.02.2022ж. 20:00
2019
Қызылордалық ақынның атын жамылып, қайырымдылыққа ақша жинаған

«Менің отбасылық видеомды пайдаланып, елден ақша жинамақ болған». Қызылордалық ақын Нұрмұхамед Әбілқасымов осылай дейді. Айтуынша, олар әлеуметтік желіге егіз балаларының әкесіне деген қамқорлығын көрсететін шағын ролик жариялаған. Оны біреу өз пайдасына жаратқысы келіп, өзінің жеке мәліметтерін жазып, қайырымдылыққа ақша жинаған  көрінеді. Осыған дейін ешкімге алақан жаймаған ақын «Бұл менің намысыма тиді» дейді.

Нұрмұхамедтің отбасылық бейнеролигін келіншегі түсіріпті. Көпке ой салу мақсатында, оны жеке парақшаларына жариялаған. Онда егіз Қалқаман мен Қарақаттың әкелеріне деген ерекше ықыласы көрінеді. Алайда,  жүрек тебірентер бұл көріністі әлдекімдер өз пайдасына жаратқысы келіпті.

Нұрмұхамед ӘБІЛҚАСЫМОВ, АҚЫН:

Үстіне каспий голд қойған. Жәннатқа бір қадам деп жазған. Бірақ адамның аты көрінбейді. Бірақ біз түбегейлі адамның атын зерттеп көрдік. Міндетті түрде бұғаттау керек. Себебі әрбір қазақтың адал ақшасы алаяққа кетіп жатыр. Қызым мен ұлым жүргенде менің аяқ-қолым сау сияқты.

Нұрмұхамед бала күнінен арбада отырады. Аузына қалам тістеп, ұялы телефонға жыр жазатын ақын ешқашан мойыған емес.  «Қаржыға қатты мұқтаждығым да жоқ дейді. Сондықтан аталмыш видео қайсар азаматтың намысына  тиген.

Қанатбек ӘБІЛҚАСЫМОВ, НҰРМҰХАМЕДТІҢ ӘКЕСІ:

Соған біз үй ішімізбен ренжіп қалдық. Балам ренжіп жатыр әсіресе, «Мен олай неге ақша сұратып ол жаққа жазады» деп. Оған қалай шыдап тұрасың. Біз сұратқанымыз жоқ. Не деген алаяқ бәлелер бұл. Заң орындарына шағымданғанымыз жоқ. Енді шағымданамыз. 
 

Соңғы уақытта интернет алаяқтар көбейіп кетті. Жеңіл жолмен оңай олжаға кенелгісі келетіндер түрлі тәсілмен талайды сан соқтыруда. «Бұл да соның бір түрі» дейді заңгерлер.

Нұрсұлтан БАЙМЕНОВ, ЗАҢГЕР:

Алаяқтарға алданбау үшін арнайы қоғамдық қорларға, ұйымдарға берген дұрыс болады деп ойлаймын. Себебі ол жерде қоғамдық қордың реквизиттері, жеке ақпараттар бар, мәліметтері бар. Соған  сәйкес әрекет жасаған дұрыс ау деп ойлаймын. Өйткені кез келген адамның сыртынан ондай әрекет жасап жатқандар көп.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл 2 айда  36 интернет алаяқ  анықталған. Олардың халықтан қанша қаржы қанағаны әзірге белгісіз. Ал Нұрмұхамед, өзінің видеосын бас пайдасына пайдаланған адам тиісті жазасын алсын дейді.   

М. Тоқтасынқызы