$521.53 €601.01 ₽6.43
×

Атырау қаласы маңындағы бау-бақша қауымдастық тұрғындары елдімекеннің мәртебесін өзгертуді сұрайды

AstanaTV
22.02.2022ж. 20:00
1019
Атырау қаласы маңындағы бау-бақша қауымдастық тұрғындары елдімекеннің мәртебесін өзгертуді сұрайды

Атырау қаласы маңындағы  бау-бақша қауымдастығының тұрғындары елдімекеннің мәртебесін өзгертуді сұрайды. Өйткені ол аумақ бау-бақша ретінде тіркелгендіктен барлық коммуникацияны халық өз қаражатымен жүргізуге мәжбүр.  Жылдар бойы шешімі табылмай келе жатқан мәселені көпшілік  Мәжіліс депутаттарына жеткізді. Қазір бау-бақша қауымдастығында    630 учаске бар. Дегенмен оның барлығында бақша егілмейді. Бірақ тұрғындар баспана салып, тұрақты қоныстанып алған. Олар өз қаражаттарына  12 шақырым су құбырын жүргізіпті. Трансформаторлар сатып алып, электр желілерін де жаңартқан. Енді тұрғындардың талабы- елдімекеннің мәртебесін өзгерту.

Бауыржан ФАЗЫЛОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жел тұрса, қар, жаңбыр жауса жарық өшіп қалады.  Ал батпақ болған кезде жолмен жүру мүмкін емес. Балалар сабаққа бара алмайды, жедел-жәрдем көлігі батып, жете алмайды.

Қанағат САНСЫЗБАЙҚЫЗЫ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Біздерді қалаға өткізіңіздер. Светтің ақшасы өте көп,  жолымыз жаман.  Барлық жағдайды істеп берсеңіздер, жалғыз ғана осы тұрған ауыл тұрғындарының  бір ғана міндеті  бізді қалаға өткізіп беріңдер. Қалғандары бәрі жайлап жайлап реттеледі.

Шаһар айналасында осындай 45 бау-бақша қауымдастығы бар. Батпаққа батқан көшелер, «үп» еткен желге өшетін жарық мәселесі –олардың бәріне ортақ. Тұрғындардың мұқтажына құлақ асқан  депутаттар жұмысшы тобын құрып, мәселені Үкіметке жеткізуге уәде берді.
 
Сәлімжан НАҚПАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жүйелі жұмыс жасауымыз керек. Алдымен «дача» статусын өзгертуіміз керек. Сонда жолға да, электр энергиясын тартуға да заңды бюджет қаражатын бөлуге болады. Оған шейін халық тездетіп сұрап жатыр ғой, оған шейін спонсорлық көмекпен жұмыс жасауға болады. Мынау расында да қалалық әкімдіктің бір өзінің қолынан келе қоймайтын  жұмыс.   

Б. Надірқызы