Хабарымыз әрі қарай спорт жаңалықтарымен жалғасады. Онымен әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, Болгарияға аттанған боксшыларымыз қалай өнер көрсетіп жатыр? Медальдан үміт бар ма?
Кеш жарық, Руслан! Жалпы, боксшылардың аяқ алысы жаман емес. Әрине, жүлде болады деген үміттеміз. Осы және өзге де жаңалықтар сәлден соң.
Хабарымызды жағымды жаңалықтармен бастасақ. Біріккен Араб Әмірліктерінде каратэден халықаралық турнир аяқталды. Қазақстандық спортшылардың нәтижесі жаман емес. Олар ел қоржынына 4 бірдей жүлде салды. Әйелдер арасында Олимпиада қатысушысы 50 келі салмақ Жаңбырбай Мөлдір мен ерлер арасындағы 67 келіге дейінгі салмақ Әмірәлі Дидар алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Әсел Қанай мен Еркінбек Байтөреев қола медальға ие болды. Жалпы, жарыста әлемнің 186 елінен 300-ден астам спортшы бақ сынады.
Болгариядағы бокстан дәстүрлі «Странджа» турнирі аяқталмай жатып қазақстандық боксшы жүлдегер атанды. Бірақ, оның қандай жүлде болары белгісіз. Нақтырақ айтқанда, ауыр салмақтағы спортшы Ләззәт Күнгейбаева жеребеден кейін жартылай финалға шықты. Яғни, ол осы кезеңде жеңіліп қалса, кем дегенде қола медаль иегері атанады. Бұдан бөлек, былғары қолғап шеберлерінің кіші әлем чемпионатында өнер көрсетіп жатқан 15 спортшы ширек финалға жолдама алды. Оның 10-ы ер, 5-уі әйел. Бүгін Софиядағы рингте 12 боксшы жартылай финалдың жолдамасына таласады.
Спортты өсіретін де өшіретін де өзіміз. Бізде медаль алып келсең ғана жақсы көріп, жағдай жасайды. Бірақ медаль алу үшін де жағдай жасалуы керек қой. Шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев Олимпиадада жүлдеге ілікпегеніне не кедергі болғанын айтты. Сөзінше, елде шорт-тректен дайындалуға жағдай жоқ. Сондай-ақ түрлі жарыстарда жарақат алғанда да емделуге көмек көрсетілмейтінін жеткізді. Жаттығуға қажет құрал-жабдықтар да қолжетімсіз, дейді.
Абзал ӘЖІҒАЛИЕВ, XXIV ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:
Өзіміздің Қазақстан құрамасына арналғаны жоқ. «Алау» мұз айдынынан өзімізге қажетті уақыт берсе екен. Жарты жыл қалғанда немесе 1 ай уақыт қалғанда жақсы уақыт бөлінді.
Спортшы жалпы саладағы проблемаларды жіпке тізіп, әлеуметтік желіге жазба қалдырды. Оны министрлік өкілдері оқыған. Көрсетілген кемшіліктердің барын растады. Ал, Олимпиадаға дайындықтың төмен деңгейде болғанын пандемиямен байланыстырды.
Серік ЖАРАСБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Абзал жазған мәселелердің бір бөлігі - шындық. Оны мойындауымыз керек. Бүгінде мұзы бар ірі нысандардың көбісі жеке меншікке берілген. Сол себепті ұлттық құраманың дайындық жасау жағынан проблемалар бар. Дегенмен мәдениет және спорт министрлігі де, Ұлттық Олимпиада комитеті де, федерация да осы проблеманы шешуге тырысып жатыр.
Бүгінге айтарым осы. Елдегі және әлемдегі спорттың басты оқиғаларын бірінші болып бізден біліңіздер. Күнделікті дәл осы уақытта жолыққанша. Руслан, тізгін өзіңде.
Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.
А. Данияр