Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынғандар отырған тергеу мекемелері тексеріліп жатыр

AstanaTV
23.02.2022ж. 20:00
1302
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынғандар отырған тергеу мекемелері тексеріліп жатыр

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынғандар отырған тергеу мекемелері тексеріліп жатыр.  Бүгін Оралдағы тергеу изоляторына құқыққорғаушы Павел Кочетков барды. Заңгер Алматыдағы бүлік кезінде дүкен тонағаны үшін айыпталған екі күдіктімен кездесіп, хал-жағдайын білді.

Бұл азаматтар қаңтар қырғыны кезінде Алматыда әлек салып, дүкендерді тонағаны үшін айыпталған. Бүліктен кейін Оралға қашқан олардың көлігі блок бекеттердің бірінде тоқтатылған. Көлікті тексерген полицейлер бір граната, 23 ұялы телефон, 3 планшет пен 3 ноутбук пен өзге де бағалы бұйымдарды тапты. Осыдан кейін күдіктілер қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.  

Павел КОЧЕТКОВ, «АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ» ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЮРОСЫ БҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазір қамауда отырған бұл азаматтардың мекемедегі жағдайына немесе осы изолятор қызметкерлеріне арыз-шағымы жоқ. Әлбетте, олар істеген ісіне өкініп отыр. Қасындағылардан қалмаймыз деп бөгденің дүние-мүлкін олжалаған.

Тергеу амалдары аяқталған соң, күдіктілердің ісі сотта қаралады. Еліміздегі тәртіпсіздіктерден кейін ұсталғандарға қатысты  тергеу нәтижесін   Бас прокуратура жариялайды.

Азамат ІЗТІЛЕУОВ, БҚО ҚЫЛМЫСТЫҚ АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Мекеме қызметкерлеріне және мекемеге ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Олардың денсаулықтарына және өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Олар басқа күдіктілер сияқты бірге отыр, бақылауда отыр. Күнделікті медициналық жұмысшыларының қарауында отыр.

Дегенмен, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова қаңтар оқиғасынан кейін зардап  шеккен азаматтардан түскен арыз-шағымдар да бар екенін айтты.

Эльвира АЗИМОВА, ҚР АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:
 
Маған 80 адамнан арыз түсті. Олардың тең жартысы ұсталғаннан кейінгі 48 сағаттың ішінде өздеріне қысым жасалғанын, тергеу кезінде соққыға жығылғанын жазды. Бұл деректің бәрін біз Бас прокуратураға жолдаймыз.

Айта кетейік, бүгінде адам құқықтарын бұзу мен тергеу кезіндегі заңбұзушылыққа қатысты 200-ге тарта қылмыстық іс қозғалған.
 
Е. Карин