Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

"Сайлау комиссиялары әкімдіктерден тәуелсіз болуы керек", – ОСК төрағасы

AstanaTV
24.02.2022ж. 20:00
1027
"Сайлау комиссиялары әкімдіктерден тәуелсіз болуы керек", – ОСК төрағасы

Сайлау комиссиялары әкімдіктерден тәуелсіз болуы керек. Әрі комиссия жұмысының ашықтығы  маңызды. Орталық сайлау комиссиясының  төрағасы Нұрлан Әбдіров атыраулық қоғам белсенділермен кездесуінде сайлаушылардың сенімін арттырып, белсенділігін көтеру бағытында ашық диалог құрды.  Сондай-ақ жастармен кездесіп,  сұрақтарына жауап берді.

Халықтың сайлауға деген сенімін арттыру керек. Ол үшін ел тағдырын шешетін саяси науқан әділ ірі ашық өтуі тиіс, дейді жиналғандар.

Жұмабай ДОСПАНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жоғарыдан төмен  қарай аймақтық, қалалық, аудандық сайлау комиссияларының құрамдарында таза азаматтар болу керек. Алдағы сайлаулардан тек қана әділдікті күтеміз.

Ашық әңгіме барысында белсенділер бұған дейінгі сайлауларда байқаушылардың сайлау учаскелеріне кіруіне қатысты кедергілер мен бюллетень санау кезіндегі бұрмалаушылықтарды атап айтты.  Ауыл әкімін сайлау талаптары кандидаттардың аз, бәсекелестің жоқтығына әкелді,- дейді.  

Нұрлан ӘБДІРОВ, ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Әкімдіктен сайлау органдары тәуелсіз болуы керек. Сайлау органдарының міндеті сол сіздер берген дауысты ешқайда жоғалып кетпей, ауысып кетпей, бұрмаланбай, анау барып протоколдың ішіне кіру керек әр адамның дауысы. Осы -  біздің міндетіміз.   

Сайлау комиссиясы төрағасының жастармен кездесуі де белсенді өтті. Еркін ойлы жас буынның айтар ұсынысы жетерлік.

Ілияс ҮСЕНҒАЛИЕВ, «ЖАСТАР» РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

Мен ойлаймын мұндай еркін форматта кездесулер жастардың сайлауға деген көзқарасын, пікірін білдіру үшін, алдағы уақытта керек.

Студенттер ақпараттық заманда электронды дауыс беруге ден қойған жөн,- деп санайды. Дегенмен Нұрлан Әбдіров бұған дейінгі тәжірибеде қыруар қаржымен электронды дауыс беруді ұйымдастырғанымен, сұранысқа ие болмағанын айтып, алда осы ескерілетінін жеткізді. Ал жас волонтерлар алдағы саяси науқанды ұйымдастыруға қол ұшын созуға дайын екендерін айтты.

Б. Надірқызы